Жетісу облысының орталығында Арбат аумағындағы қайта абаттандырылған жаяу жүргіншілер жолы жұрт игілігіне берілді.
Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде облыс орталығында заман талабына сай жаңартылып жатқан нысандар көп. Биыл өңір тұрғындарының жайлы әрі қауіпсіз демалуына мол мүмкіндік беретін шаһардағы бірқатар кешенді жобалар жүзеге асырылған. Атап айтқанда, тамыз айында Біржан сал көшесі бойындағы «Арбат» демалыс аймағы күрделі жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне берілсе, қыркүйек айында ондағы жаяу жүргіншілер жолын жөндеу жұмыстары қолға алынған. Осы барыста аталған аумаққа шағын сәулет нысандары орнатылып, заманауи жарықтандыру жүйесі толықтай жаңартылған. Сонымен бірге, жолдардағы ескі төсемелер түгел ауыстырылып, су ағатын арық желісі қайта қалпына келтіріліп, автоматты суару жүйесі іске қосылған. Құрылыс жұмыстарын «Капитал Story Kz» мердігер мекемесі жүргізген.
– Бұл жұмыстардың барлығы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қала тазалығы мен қолайлы қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылып келеді. Жаңарған «Арбат» аумағы енді талдықорғандықтар мен қала қонақтарының серуендеп, тынығуға арналған қолайлы орындардың біріне айналмақ, – дейді жауаптылар.
Шаһар тұрғындарының сөзінше, Талдықорғанға облыс орталығы мәртебесі берілгеннен бері еш жөндеу көрмеген бұл аумақ ұзақ жылдар бойы жабайы сауда базарына айналып келген. Бұрын мұндағы жолдың екі жағына тізілген түрлі жеміс-жидектер мен басқа да тауарлардан аяқ алып жүргісіз болатын. Тіпті, саудагерлер жаяу жүргіншілер жүретін жолға дейін иеленіп алған. Оның үстіне, жол шетіне иін тірестіре қойылған сатушылар мен такси жүргізушілерінің көліктерінен жұрттың базарға кіріп-шығуы да қиындаған. Мұндай келеңсіздіктерді жою үшін абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, базар аумағын ретке келтірген қала билігіне жұрттың айтар алғысы мол. Енді аумақты ұқыпты әрі таза ұстау — көпке ортақ.
Айдын КӘЛІМХАН






