Талдықорғанның «Жетісу» баскетбол клубы әйелдер Ұлттық лигасының чемпионатындағы алғашқы жеңіске Ақтауда «Каспийге» қарсы өткен ойында қол жеткізді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
30 қарашаға дейін «Жетісу» биылғы маусымда бірде-бір жеңіс тіркемеген жалғыз команда болып келген еді. 29 қарашада талдықорғандықтарды алғашқы ойында «Каспий» айқын басымдықпен жеңген – 83:60. Егер ақтаулықтар жексенбі күнгі ойында да жеңіске жеткенде, олар плей-офф аймағына көтерілуге мүмкіндік алатын.
Алайда «Жетісу» бұл жолы қарсыласына жол бермеуге бел буды. Олар алғашқы он минуттықты 18:12 есебімен аяқтады. Екінші кезеңнің ортасына дейін талдықорғандықтар басым түсіп, тіпті тоғыз ұпай айырмасымен алға шықты. Дегенмен үлкен үзіліске бір минут қалғанда алаң иелері есепті теңестіріп, алғашқы таймды 31:30 есебімен өз пайдасына аяқтады.
Үзілістен кейін «Жетісу» ойын тізгінін қайта қолға алды. Үшінші кезеңнің ортасына қарай жеті ұпай айырмасымен алға шығып, соңғы ширекке 49:42 есебімен енді. Төртінші кезеңде «Каспий» қайта қарқын алып, матч соңында есепті 60:60-қа теңестірді. Нәтижесінде ойын биылғы маусымдағы алғашқы овертаймға ұласты.
Қосымша бес минутта алаң иелері екі рет үш ұпай айырмасымен алға шыққанымен, шешуші сәтте жеңісті «Жетісу» жұлып алды – 72:71.
Бұл жеңіс «Жетісуды» турнир кестесінің соңынан бірден көтермесе де, олар енді «Каспийден» бар болғаны бір жеңіске ғана қалып отыр. Осы нәтижемен «Каспий» алғашқы төрттікке кіру мүмкіндігін осы демалыста-ақ жоғалтты.
Әйелдер Ұлттық баскетбол лигасында көш басында – Астананың «Tigers» клубы тұр. Олар жеті матчтың бәрінде жеңіске жетіп, 12–13 желтоқсанда Түркістанның «Тұран» командасымен кездеседі. «Тұран» алты ойынның бесеуінде жеңіске жетіп, турнир кестесінде екінші орында тұр.





