Халықаралық Skiller порталы алматылық «Қайрат» және Қазақстан құрамасының жас шабуылшысы Дастан Сәтбаевтың Лондонның «Челси» клубына ауысуына қатысты кең көлемді аналитикалық материал жариялап, футболшының дамуын ерекше бағалады. Сарапшылардың айтуынша, «Челси» скауттары Сәтбаевтың әлеуетін өте ерте байқап, оны Еуропа аренасына дер кезінде бағыттай алған.
Skiller тобының талдауында ағылшын клубының селекциялық жұмысы «тыныш әрі тиімді» деп сипатталып, Сәтбаевтың бүгінгі қарқыны «Челси» таңдауының дәлдігін көрсетіп жатқаны жазылды. Материалда жас шабуылшының ойын мәнері, қарсылас қорғанысына қысым жасаудағы белсенділігі, агрессивті стилі және кеңістікті іздеудегі инстинкті жоғары бағаланған.
Портал Сәтбаевты команда болашағын қалыптастыратын футболшы ретінде атап өтеді:
«Бұл – жай ғана сәттілік емес, нақты уақыттағы «Челси» болашағының бейнесі. Жол ашық болса, Сәтбаев ерекше деңгейге шығуға дайын», – деп жазады сарапшылар.
Өткен маусымда Дастан Қазақстан Премьер-лигасында 14 гол соқты. Биыл барлық турнирлерде 41 матчта 19 гол және 8 нәтижелі пас берді. Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде «Кайрат» құрамында өнер көрсетіп жүрген 17 жастағы футболшы бүгінде өңірдегі ең перспективалы форвардтардың бірі ретінде аталып отыр.
Екі клуб арасындағы келісім 2025 жылдың ақпанында ресми бекітілген. Шартқа сәйкес, Сәтбаев 18 жасқа толғаннан кейін, яғни 2026 жылдың жазында Англияға барып, «көктердің» жүйесіне қосылады. Лондондық клуб оны шабуыл шебінің келесі буынын қалыптастыратын ұзақ мерзімді жоба ретінде қарастыруда.
Жас қазақстандықтың Еуропаға жолы ресми түрде ашылды. Сарапшылардың пікірінше, егер Сәтбаев осы даму қарқынын ұстап тұрса, Лондон оның талантын жоғалтпай, жаңа жұлдыз өсіріп шығуы әбден мүмкін.





