Жуырда Жаркент мешіті сәулет көркемөнер музейінде халықаралық «Алаш», Мұқағали атындағы және Түркі әлемі «Ақбозат» әдеби сыйлықтарының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, Панфилов ауданының Құрметті азаматы Оразақын Асқардың туғанына 90 жыл толуына арналған «Мен бақытты ақынмын» атты әдеби-сазды кеш өтті. Шараға өңірдегі өнерсүйер азаматтар мен Жаркент қаласындағы орта мектеп пен арнаулы орта оқу орындарының студенттері қатысты.
Кездесуге Алматыдан арнайы келген Оразақын ағамыздың жары Ажар Баратқызы, қызы, ғалым Ләйлә Асқар, жазушы, марқұм Тұрсынғазы Әлпейісовтың зайыбы Жұпар Қабанбаева, ақын, марқұм Қасенхан Талғаровтың ұлы Ержан Қасенханұлы қатысып, ақынға арналған әдеби-сазды кештің абыройын асқақтатты.
Кеште алдымен, аудандық мәслихаттың төрағасы Ерғали Шоқпаров жерлес ақынның өмір жолы мен шығармашылығы, адамгершілік болмысы жайлы кең көлемді баяндама жасады. Сонымен қатар аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тоқтарбай Керімқұлов сөз сөйлеп, болмысы бөлек ақынның тіршілігіндегі ел-жұртпен қарым-қатынасын, қарапайым сүйкімді бейнесін, атамекеніне арнаған ғажайып жырларын еске алды. Кездесуде ақынның өмірлік жары Ажар Баратқызы, қызы, филология ғылымдарының кандидаты Ләйлә Асқар, жерлесі Жұпар Қабанбаева, ардагер ұстаз Бақытгүл Нұғманова сөз сөйлеп, жастарға ақын жайлы көптеген қызықты естелік айтты.
Кездесу кешінде өңірдегі елге танымал әншілер Еркебұлан Қонашев, Бақытгүл Нұрахметова, Нұржан Батбақаев ақынның жырына жазылған әндерді орындап, «Еркеназ» бишілер тобы «Мерекеге тарту» биімен, байырғы оқу орны Жаркент педагогикалық гуманитарлық колледжінің әжелер ансамблі халық әні «Дедімай – ауды» шырқап, кеш ажарын әрледі.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы





