«Жетісу» волейбол командасы Бразилияның Сан-Паулу қаласындағы «Гуарульос» халықаралық әуежайынан аман-есен түсті. Бұл талдықорғандық команданың тарихында ең ұзақ қашықтықты қамтыған сапар болды. «Жетісу» Азия чемпиондар лигасының жеңімпазы есебінде жаһанның таңдаулы 8 командасы іріктелген клубтар арасындағы әлем чемпионатында сынға түседі.
«Жетісу» әуелі Катар астанасы Дохаға дейін (шамамен 5 сағат), одан әрі Сан-Паулуға (15 сағат) дейін ұшты. Жалпы волейболдағы қазақстандық команданың ең ұзақ қашықтықтағы сапары тіркелді (ЖИ есебінше шамамен жалпы 15 мың шақырым).
Талдықорғаннан 5 желтоқсан 21:00-де жиналған команда, 6 желтоқсан 21:00 (Қазақстан уақытымен) Сан-Паулуда болды.
Клубтар арасындағы Әлем чемпионаты 9-14 желтоқсан аралығында өтеді. «Жетісу» «А» тобында ойнайды.
10 желтоқсан | 01:00
“ЖЕТІСУ” (Қазақстан) — “Савино Дель Бене” (Италия)
10 желтоқсан | 21:30
“ЖЕТІСУ” (Қазақстан) — “Альянца Лима” (Перу)
12 желтоқсан | 04:30
“ЖЕТІСУ” (Қазақстан) — “Озаску Сан-Кристован” (Бразилия)
Серік ҚАНТАЙ
арнайы Сан-Паулудан





