Қашанда ауыл шаруашылығы аудан экономикасының тірегі болып саналады. Алакөл ауданы экономикасының негізгі кірісі мал және егін шаруашылығы, балық өндірісінен келеді. Аталған салалар өңірдің жалпы өнім көлемінің басым бөлігін құрайды. Биыл ауданда 78877 гектар егіс алқабы игеріліп, өндірілген ет, сүт және балық өнімдері 2,5 пайызға өскен. Аудан бойынша 7100 басқа арналған 6 ірі қара малын бордақылау алаңында 4270 бас ірі қара малы күтімде.
– 2025 жылдың 10 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 57,5 млрд. теңгені құрап, өсім 117,7 пайыз болды. Мал басы 4,8 пайызға артты, ет, сүт, балық өндіру көлемі де өсті. Ауданда 7 балық аулау шаруашылығы және 2 балық өңдеу зауыты тұрақты жұмыс істейді, – деді Алмас Сапарғалиұлы.
Осыған орай журналистер тарапынан: «Балық шаруашылығы биыл қалай дамыды? Зауыттардың жұмысы тұрақты ма?» деген сұрақ түсті.
– «Бақытбек – Қаратал» және «Болашақ – Бастау» зауыттары 150 тонна балық пен 270 тонна балық ұнтағын өңдеді. Осы бағытта өндіріс көлемін ұлғайту жұмыстары жалғасуда, – деді аудан басшысы.
Өңірде өнеркәсіп, қайта өңдеу әлеуеті артып келеді. Өнеркәсіп саласы аудан экономикасын әртараптандырып, жаңа жұмыс орындарын ашатын негізгі бағыттардың бірі. Өндірілген өнімдердің негізгі бөлігі қайта өңдеу және өңдеу кәсіпорындарының еншісінде. Сондай-ақ, құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындардың үлесі де айтарлықтай.
– Өнеркәсіпте 12,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. «Лепсі өнімдері» ЖШС-нің 1 тонна бал өнімі Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталды. Аудан аумағында 3 бетон зауыты тұрақты жұмыс істеп, құрылыс саласына қажетті өнімдерді қамтамасыз етуде, – деді әкім.
Ауданның энергия әлеуетін арттыру мақсатында су электр стансысын салу жұмыстары да басталған. Осы бағытта жалпы 5 жер телімі бөлінген. Осыған байланысты: «Жел, жарық мәселелері өнеркәсіп жұмысына әсер етіп жатыр деген шағым да бар. Бұл бағытта қандай шаралар атқарылуда?» деген тілші сұрағына:
– Биыл Ақши – Бескөл бағытында 110 кВ. жоғары кернеулі жаңа желі толық аяқталды. Екі қосалқы стансы іске қосылды. Бұл электр жүктемесін айтарлықтай азайтып, өндіріс нысандарына тұрақты жарық береді, – деп жауап берді өңір басшысы.
Инвестиция тарту – ауданның экономикалық дамуының негізгі тетіктерінің бірі. Ол бюджеттік және бюджеттен тыс қаражаттар есебінен өтеледі. Жаңа кәсіпорындар, инфрақұрылым, жол және энергетикалық жобалар инвесторлар есебінен жүзеге асады. Сонымен қатар, алдағы жылдары жаңа өндірістік нысандар салу бойынша бірқатар маңызды жобалар жоспарлануда.
– Биылғы 10 айда ауданға 91,3 млрд. теңге инвестиция тартылды. Оның 80 пайызы жеке қаржы. Аудан үшін стратегиялық жоба саналатын Достық – Мойынты теміржолының құрылысы қарқынды. Сонымен қатар, 2027 жылы вагон жөндеу депосы, 2028 жылы Тентек каналында шағын ГЭС салу жұмысы басталады, – деді спикер.
Осы тұста: «Ірі жобалар ауылдарға нақты қандай пайда әкеледі?» деген сұраққа:
– Жаңа жұмыс орындары ашылады, жолдар жақсарады, электр желісі, ауызсу, байланыс инфрақұрылымы дамиды. Бұл ауылдар үшін үлкен мүмкіндіктер тудырады, – деп жауап берді әкім.
Құрылыс әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлердің және инженерлік инфрақұрылымның дамуымен байланысты сала. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге 2,1 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Жоспар бойынша 100 тұрғын үй сатып алу көзделген. Қазіргі таңда 78 тұрғын үй сатып алынған, ал қалған 22 тұрғын үй осы айдың 15-іне дейін сатып алынбақ.
– Биыл құрылыс жұмыстарының көлемі 94,7 млрд. теңгеге жетті. 18 292 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 4 ауылда Мәдениет үйі салынып жатыр. Лепсі және Қабанбайда спорт кешендері бой көтеруде, – деді аудан басшысы.
Алайда, әлеуметтік желілерде ауызсуға қатысты шағымдар айтылып қалады. Бұл жазбалар журналистердің назарынан да қағыс қалмапты. Брифингте осы туралы сұрақ қойған әріптестеріміз болды. Оған аудан әкімі:
– Биыл өңірде газ магис-тралі іске қосылды. Ақши мен Қабанбайда газ тарату стансылары құрылды. 15349 түп ағаш отырғызылды. Дегенмен, әлі де су тапшылығын сезінетін ауылдар бар. Бұл мәселені толық шешу үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2026 жыл соңына дейін тұрғындарды таза ауызсумен қамту деңгейін 92 пайызға жеткіземіз, – деп нақты айтты.
Алакөл еліміздегі ең жылдам дамып жатқан туристік аймақтардың бірі. Маусым сайын миллионнан астам адамды қабылдайды.
– Биыл 1,8 млн турист келді. Қызмет көрсету көлемі 6,3 млрд теңге болды. Жағалауда 34 техника, 220 контейнер, 24 санитарлық торап орнатылды. «Алакөл Тазалық» коммуналдық кәсіпорны құрылды, – деді аудан әкімі.
Дегенмен, көл жағалауындағы санитарлық жағдай мен кәріз жүйесі мәселесі әлі де жиі көтерілетіні анық.
Бұған аудан басшысы:
– Ақши ауылында кәріз тазарту құрылғысының құрылысы жүріп жатыр, келесі жылы аяқталады. Көктұмадағы 6,7 млрд. теңгелік жоба республикалық бюджетке ұсынылды. Жағалауды тазалау техникасын жыл сайын күшейтеміз, – деді.
Әлеуметтік саясат – халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін ең маңызды бағыт.
– Биыл 10 айда 2 869 жұмыс орны ашылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз. Достықта 600 орынды жаңа мектеп пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау саласына 3,1 млрд.теңге бөлінді, – деп баяндады.
Жиын соңында: «Алакөл ауданының дамуы – ортақ еңбек. Біз халықпен ашық форматта жұмыс істеуді жалғастырамыз. Әр ұсыныс, әр сын біз үшін маңызды. Бірге жұмыс істеп, нақты нәтижелерге жететінімізге сенімдімін» деген аудан әкімі баспасөз мәслихатында көтерілген мәселелер ауданның нақты даму бағытын айқындайтынын, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің барлығы ашық ұсынылатынын, халықпен диалог жалғасатынын жеткізді.
Қажет АНДАС








