ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Бас прокуратураның үйлестіруімен телефон алаяқтарының жолын кесу және азаматтардың жеке деректерін қорғауды күшейту бойынша жаңа шараларды іске асыруда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Бұған дейін бірқатар мемлекеттік ақпараттық жүйелерге кіру үшін бір реттік SMS-код жеткілікті болатын. Осы осалдықты пайдаланған алаяқтар «1414» нөмірі арқылы жәбірленушінің нөміріне код жібертіп, түрлі айла-шарғы жасаған.
Осыған байланысты ақпараттық жүйелердің иелеріне 1414 нөмірінен SMS жіберу тетігін қолдануға қойылатын талаптар күшейтілді.
Енді 1414 SMS-шлюзін пайдаланатын сервистерге кіру: биометриялық аутентификация (FaceID), электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) немесе eGov QR-коды арқылы ғана мүмкін болады.
Осы жылдың желтоқсан айынан бастап осы талаптарды орындамаған мемлекеттік және квазимемлекеттік ақпараттық жүйелер 1414 SMS-шлюзін пайдалану қызметінен ажыратылады.
ЖИЦДМ мемлекеттік органдармен бірлесіп, азаматтарды телефон алаяқтарынан қорғау және дербес деректердің қауіпсіздігін күшейту бағытындағы кешенді жұмысты жалғастыруда.
Сонымен қатар азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында eGov Mobile қосымшасында күдікті әрекеттерді анықтау, кибергигиена және цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалану жөніндегі кеңестер қамтылған ақпараттық баннерлер орналастырылды.
Министрлік қабылдап жатқан шаралар «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында жүзеге асырылып, құқықтық тәртіпті нығайтуға және мемлекеттік цифрлық сервистерге деген сенімді арттыруға бағытталған.





