Дубайда Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырған әлем чемпионаты қыза түсті. Айтулы додада 71 келі салмақта Қазақстан намысын қорғап жүрген Абылайхан Жүсіпов жартылай финалда сенімді жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.
Қазақстандық боксшы жартылай финалда қырғызстандық Ихтият Нишановпен кездесіп, үш раунд бойы толық басымдық көрсетті.
Төрешілер де Абылайханның үздік екенін бір ауыздан мойындап, жеңісті 5:0 есебімен қазақ спортшысына берді.
Бұл – Абылайхан Жүсіповтің әлем чемпионатының финалына алғаш рет шығуы. Бұған дейін ол 2017, 2019 және 2021 жылдардағы әлем чемпионаттарында үш рет қола медаль иеленген.
Айта кетейік, Абылайхан Серік Сәпиевтен кейін әлем чемпионатында төрт медаль еншілеген екінші қазақ боксшысы атанды.





