Ұлы табалдырығынан аттағанда-ақ ұлттық құндылықтар көкіректі кернеп ала жөнелер қасиетті қара шаңырақтың қадірі артты. Хас сұлудың көз жасындай өнердің сара жолын жалғаған дара отаудың оты биыл айрықша алаулай түсті. Жарты ғасырдың өзінде толымды тарих түзіп, өскіндей өнерпазын емендей еңселі етіп, тұғырлы тұлғаға айналдырған Бикен Римова атындағы облыстық театрды ел Президенті академиялық мәртебеге лайық деп таныды. Осылайша жыл аумай ұлы өнер отауы биік белеске көтерілді, академиялық драма театр атанды.
Осынау қуанышқа орай облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ театрға арнайы ат басын бұрып, жетісулық өнерсүйер қауыммен кездесті. Рухани шара әуелі Абай Құнанбайұлы ескерткіші маңынан бастау алды. Онда ел зиялылары мен өнер қайраткерлері, талдықорғандықтар ғимарат маңдайындағы «Бикен Римова атындағы академиялық драма театры» деген айшықты жазудың жанғанын тамашалады. Өнер ордасына енген аймақ басшысы қадірлі меймандармен бірге әуелі би апамыздың бюстіне гүл шоғын қойып, құрмет көрсетті. Өнер мен руханиятқа айрықша қолдау танытып келе жатқан облыс басшысы салтанатты жиында алдымен көпшілікті тарихи белесімен құттықтады.
– Биыл біздің Талдықорған театры үшін мерекелі жыл болды. Бұған дейін қыркүйек айында өнер ордасының жарты ғасырлық белесі мен дәстүрлі «BIKEN FEST» халықаралық фестивалін қатар өткізген болатынбыз. Бүгін жақсылық еселеніп, академиялық атағын алып отыр. Бұл – тек бір ұжымның ғана емес, күллі Жетісу жұртшылығының ортақ қуанышы, Бикен Римова атындағы Академиялық драма театрының жаңа дәуірінің басталған кезеңі, – деді ол.
Сонымен қатар бүгінге дейін сахнада талай кейіпкерді тірілтіп, талай образға жан бітірген, қайталанбас қолтаңбасын қалыптастырып, қазақ өнерін халықаралық деңгейде танытып жүрген театрға деген айрықша ризашылығын жеткізген облыс әкімі мәртебенің мәні мен маңызына тоқталып өтті. Ол:
– Академиялық мәртебе – театрға берілген жоғары баға ғана емес, өнер ұжымына артылған абыройлы сенім. Бұл атаққа ие болу бүгінгі өнерпаздардың ғана жетістігі емес, осы театрда тер төгіп, еңбек еткен алдыңғы толқын аға-апаларымыздың салып кеткен сара жолының жаңа даңғылға ұласуы деп білеміз, – деп толғанды.
Шынымен де, сонау 1975 жылы құрылып, шымылдығын Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасымен ашқан театр жарты ғасырлық сүрлеу-сүрдегін дара даңғылға айналдырды. Жүзден астам қойылымда елдің тарихы мен мәдениетін, қоғамдағы түрлі жайтты сахнада сөйлетіп, жұртын рухани сусындатты. Қазақстанның халық әртісі Бикен Римованың мұрасын жалғастырушы ұжым енді академиялық деңгейге тың серпінмен жұмыс істеуге тиіс. Өңірлік театрлар арасындағы көшбасшы ретінде республикалық және халық- аралық деңгейде өз өнерін одан әрі көрсетуге міндетті.
Бүгінде Алмахан Кенжебекова, Әлихан Ыдырышева, Дулыға Ақмолда және Лидия Каденова секілді Қазақстанның халық артистері бар, небір өнер саңлақтары қызмет етіп жатқан қара шаңырақтың атынан да ақжарма тілек айтылды. Бұл орайда Қазақстанның халық әртісі Алмахан Нұрпейісқызы жарты ғасырлық дара даңғылда театр үшін маңдай терін шүмектеткен небір талант иелерінің, өмірден өткен айтулы жандар мен аз уақыт болса да осы киелі сахнада өнерін өрістеткен барша жанның ортақ еңбегі, жеңісі мен жемісінің нәтижесінде «академиялық» мәртебе алдық деп толғанды. «Еркелетер елге ризамыз» деп толғанған театр анасы, мәртебелі атаққа ұсынған Мемлекет басшысына, өнерге қолдау білдіріп жүрген облыс әкіміне алғысын арнады. Өз кезегінде жерлесіміз, Қазақстанның халық әртісі Болат Әбділманов пен Бикен Римова атындағы академиялық театрдың директоры Ерлік Жуасбек лебіз білдірді.
Ақ тілектер төгіліп, көңіл толқыған салтанатты шарадан кейін Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» трагедиясы жаңа нұсқада көрермен назарына ұсынылды. Осылайша 50 жыл бұрын ең алғаш театр шымылдығын түрген классикалық туынды «академиялық» мәртебеге ие болған өнер ошағының да ең алғашқы қойылымы ретінде көпшілікке жол тартты.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





