– Қуаныш Сұлтанұлы, қазақта «туған жерге туыңды тік» деген ғажайып нақыл бар. Әдепкі сөзімнің райы осыған саяды. Өзендермен өрнектелген өңіріңіздің мәдениетіне үлес қоссам деп келгеніңізге де бірер жыл болыпты.
– Иә, киелі өңірде тудық. Бала күннен жусанның жұпарын жұтып, жалбыздың шырынын татып, жаннат мекен мәдениетімен сусындап өстік. 3 жасымнан домбыраға құмартып, 3 сыныптан үлкен сахнаға шыға бастадым. Жаңа ғасыр бастауындағы қиын хәлді көзбен көрдім. Облыстық мәртебеден айырылған шақта Талдықорғанда өрендей жастығымызды өткеріп, жоғары оқу орнында оқыдық. Музыкалық факультетте білім ала жүріп өңірдегі қоғамдық, мәдени шараларға белсене қатыстық. Сол шақта театрдың сақталып қалуына Сағындық Айтмұхаметұлының, Алмахан, Кендебай, Әлихан сынды аға-апаларымыздың еңбегі ерен болса, М.Төлебаев атындағы оркестрдің бүгінге жетуіне Әли Алпысбаевтың сіңірген еңбегі орасан еді. Өз қаражатының, өз шаруашылығының тапқан табысының жартысын оркестрге бере жүріп үлкен ұжымды сын кезеңінен алып шықты. Соның бәрін көзбен көріп, өнегелі істі өзегімізге қондырдық. Кешегі күні театрдың 50 жылдығын тойлап жатқанда: «Алмахан апалардың шапанының етегіне оралып өскен қазақпын» деп мақтанып айттым. Шындығында мәдениеті мәуелі жерден алған тәлім тамырымызға құт болып қонған еді. Содан шығар, 1999-2013 жыл аралығанда Жетісу жерінен табан аудармай еңбек етіп, одан кейінгі 10 жылды Астана қаласында өткердік. Өз жобамыз, жоспарымыз болды. Соны Елорда төрінде іске асыра алдық.
Қайда жүрсек те, бірегей арналарда қызмет етсек те, туған жерді санамыздан бір сәт сырт қалдырған емеспін. Досымжан Таңатаров, Тұрсынбек Қабатов секілді өнердегі достарымның туған жеріне жасап жатқан еңбектерін көріп, мен де ұлттық арнадан Жетісу өнерпаздарының дұрыс берілуін қадағалап, құтты қоныс, құсни мекеннің тілекші азаматы болуға барымды салдым. Сан сала бойынша Жетісу үшін шалғайда еңбек шырағын жаққандай іс істеуге тырыстым. Толысып, ақыл тезіне сала отырып: «Мен неге өңірімнің мәдени өміріне өз үлесімді қоспаймын» деп ойлап жүрген шақта Жетісу облысы құрылды. Еліме елеңдеп, аймақ мәдениетін көтеруге күш салу керек-ақ деген ой санада пісіп-жетілген мезгіл-мезіретте Бейбіт Өксікбайұлының: «Еліңе, ауылыңа келіп қызмет жаса!» деген жалғыз ауыз ұсынысы жігер берді. Осылайша заңды түрде мемлекеттік тестілеуден өтіп, қызметке кірістік.
– «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген Әлихан Бөкейханның аталы сөзін тасқа қашап жаздырып, жұмыс үстеліне қойыпсыз. Мәні неде? Білім мен мінезді ұштастыра отырып атқарған жұмысыңызды айшықтайтын орай келген секілді?
– Жетісу жеріне келгендегі де, жалпы азамат болып ат жалын тартып мінген шақтан бергідегі де жалғыз мақсатым – ұлтқа қызмет ету. Кеше ғана Алаштың қабырғасын қайыстырып өмірден өткен Асанәлі Әшімов ағамыздың, Алтынбек Қоразбаев, Жүрсін Ерманов, мені кенже ұлым деп еркелететін Мырзатай Жолдасбековтардың қасында көп жүріп, солардың деңгейінде елге қызмет етудің қалай болатынын танып-түсіндік. Әлихан Бөкейханның аталы сөзін тасқа қашап жазуымның да сыры осында. Әрбір азамат осы сөзді көріп, танымына сіңірсе деген ниет қой. Басқарма басшысы ретіндегі қызметімнің бірінші күннен-ақ облыс басшысының алдыма қойған басты тапсырмасы осы болатын. Берілген тапсырманы өз деңгейінде орындап, елге мінезбен қызмет ету. Бұл орайда атқарылып жатқан іс халықтың көз алдында деп ойлаймын.
– Ендеше, мәуелі мәдениетіміздің басты ғимараттарының жағдайына тоқталып өтсеңіз екен. Мәдени нысандар жай-күйі қандай?
Жалпы, Жетісу облысы құрылғаннан бері 29 Мәдениет үйі жаңадан бой көтерді. Бүгінгі таңда 6 мәдени нысанның құрылыс жұмысы жүріп жатыр десек, келер жылы 36 мәдениет үйі ағымдағы және күрделі жөндеу жұмысы нәтижесінде іске қосылады. Облыс бойынша 138 мәдениет үйі бар болса, соның 40-қа жуығы материалдық- техникалық базасы нығайтылған, сахналық киімдері бар, музыкалық аспаптар, LED экран, компьютерлік жабдықтармен қамтамасыз етілген күйде толыққанды жұмыс істеп жатыр. Әрине, бұл орайда аймақтағы 138 Мәдениет үйінің жағдайы керемет деп айта алмаймыз. Шешілмей жатқан мәселесі бар өнер ошақтары да аз емес. 2026-2029 жылдар аралығындағы әлеуметтік нысандардың салынуына мараторий жариялануына байланысты құрылыс жұмыстары тоқтайды. Десе де, жұмыс түбегейлі тоқталсын деген сөз емес қой бұл! Сондықтан ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасын табады. Мұның да жоспарын жасап жатырмыз. Ал бұл жағынан облыстық әкімдіктен қолдау үлкен.
Айта кетерлігі, кітапхана мен Мәдениет үйлері егіз ұғым болғандықтан, облыстағы көптеген кітапхана өнер ошағында орналасқан. Олардың да жай-күйі Мәдениет үйлерімен бірге жанданып келеді. Ал облыс бойынша бүкіл музейлердің жұмысы толыққанды атқарылып бітті. Десе де, бұған дейін жаңғыртылмаған, жосықсыз ақша пайдалану барысында күрделі жөндеу жұмысы тоқтатылған М. Тынышбаев атындағы өлкетану музейінің келбетін заманауи нақышқа келтірмекпіз. Реконструкциялық жөндеуден өткізіп, тағы бір қабатқа көтереміз. Конференция залы, арнайы залдар мен қызметкерлер отыратын бөлме болады. Сондай-ақ, облыстық кітапхананы да заманауи қалыпқа келтіру жоспарымызда бар. Ендігі бір дүние – архив ғимараты. Бүгінде облыс орталығындағы архив қоры 99 пайызға жетіп отыр. Құжат қабылдау мүмкін емес. Мекемеде ине шаншар орын жоқ. Осыған орай ғимарат алдындағы 600 шаршы метрлік жерге қосымша нысан тұрғызуды жоспарладық.
– Архив жөнінде айтып қалдыңыз. Басқарма негізінен – «Мәдениет, архивтер және құжаттама» деп аталады. Оның ішінде құжаттама бағыты мен архив жұмысын қарапайым адамдар біле бермеуі мүмкін. Осы сыры басқа екі сала бойынша тоқталып өтсеңіз.
– Шындығында өте жақсы сұрақ қойып отырсыз. Өйткені мәдениет саласын толыққанды білгеніммен, осы екі сала туралы қызметке келген күннен қаныға түстім. Әуелі архившілерді жинап, үлкен жиын өткіздік. Келелі кеңес құрдық. Соның нәтижесінде архив жұмысы жандана бастады. Негізінен архив – ықылымнан келе жатқан қазақ халқының, оның ішінде Жетісу жерінің, халқының, азаматтардың құжатын сақтайтын орын. Ал құжат не үшін керек? Әрбір азаматтың тарихын, жүріп өткен жолын, еңбегі мен марапатын анықтау үшін, ұрпағы тану үшін керек. Бізге көбінесе зейнетке шыққан адамдар келеді. Зейнетақысын көбейту, қай жылы қай мекемеде жұмыс істегенін дәлелдеу үшін. Сондайда архившілер көмек қолын созады. Десе де мұнда қызмет ететін архившілердің еңбегін орасан деп бағалаймын. Біріншіден, таза ауасыз, тынымсыз тер төгеді. Екіншіден, арнайы қатырмаларда сақталатын әрбір парақ үшін, ондағы жазудың өшіп қалмауы үшін қолайлы температураны сақтай отырып қызмет етеді. Қағазға қонған әрбір шаң – жазудың жауы. Жеп қояды. Осыны ескере келе біз 2 план-сканер сатып алдық. Адамдар жылына 1 не 2 мәрте рентгенге түсетінін ескерсек, план-сканердың ағзаға кері әсері осымен пара-пар. Ал архившілеріміз арнайы киіммен күніне 1 мыңға жуық қағазды план-сканерден өткізіп, электронды нұсқаға көшіруде.
Құжаттама жұмысына келсек, негізінен облыстағы құпия құжаттар сақталатын орын біздің басқармаға қарайды. Бұл Ұлттық Қауіпсіздік Комитетімен бірлесе атқарылатын жұмыс. Қазір біз отырған мекеме мен облыстық архивте арнайы құпия құжат сақтайтын бөлме бар. Сол құжаттамаларды толыққанды сақтап, қорғайтын да осы басқарма.
– Аймақ бойынша күрмеуі қиын екі Мәдениет үйі бар еді. Оның бірі Қоғалы десек, бұл күнде ол ел игілігіне жұмыс істеп жатыр. Ал жыры ұзаққа созылған Бақтыбай ауылындағы Мәдениет үйінің мәселесі не болды?
– Расында Мәдениет үйлерінің мәселесі толыққанды жолға қойылды деп айтуға ерте. Бірақ, өз сөзімде атап өткенімдей сең қозғалды. Облыс құрылғалы бері 29 өнер ошағы пайдалануға берілге- ні – үлкен жетістік. Тәуелсіздік алғанымызға 35 жылдан асты деп мақтанамыз. Осы кезеңде қордаланған дүниелердің күрмеуі шешіліп келеді. Облыс басшысының қолдауымен ауыл, аудандағы Мәдениет үйлері қалыпқа келтіріліп, басым бөлігі күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы нәтижесінде заман талабына сай жаңғыртылып жатыр. Бұл жұмыс қарқынды жалғаса береді. Облысқа келгенде алдымнан шыққан екі күрделі Мәдениет үйі болғаны рас. Екеуінің де мердігерлері жосықсыз ақша құртқан. Осыған орай сот қозғалып, нәтижесінде жеңіп шыққан болатынбыз. Бүгінде Қоғалы ауылындағы Мәдениет үйі ашылып, ел игілігіне жұмыс істеп жатыр. Жыры бітпеген Бақтыбайдағы өнер ошағының мәселесі де жолға қойылды. Бұйырса 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылады деп күтілуде.
– Ұлт мәйегі мәдениет саласындағы атқарылған істің ауқымын бағамдап отырмыз. Сіз марқайып айтар қандай негізгі дүниелер бар, соған тоқталсаңыз екен?
– Иә, істеген ісіңе ел риза болған күні марқаясың, қуанасың. Бұл ретте облыс әкімінің қолдауы ерекше. Бұрын соңды мемлекеттік қызметкерлер барып көрмеген алыс ауылдарды Бейбіт Өксікбайұлының өзі аралап жүріп мәселелерін шешіп берді. Көпбірлік ауылының жолын жөндеп, спорт және медициналық нысан салды. Атқа мінерлердің ат ізі түспеген елді мекеннің Мәдениет үйі де көтерілді. Бір ғана Қаратал ауданының өзінде соңғы жылдары 6 Мәдениет үйі ел игілігіне берілуі сөзімнің айғағы. Бұл ретте де мәдениет саласында тың серпін көңілді көншітеді. Биылдың өзінде 128 млн. теңге бөлініп, барлық ауылдың Мәдениет үйлеріне сахналық киім тігілді. 300 миллион теңгенің үстінде қаражат бөлініп, 114 ескерткішке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Республика сарайлары секілді ауылдарымыздағы мәдениет нысандарының жағдайы заманауи бағытта жасалынды. Сахналық киімнен бастап, дыбыс апараттары, музыкалық аспаптарға дейін қамтамасыз етілді.
Мұның сыртында өнер саласының да тамырына қан жүгірді. Бүгінде облысымыздағы әр өнер мекемесі еліміздің үлкен сахналарында өнер көрсетуге дайын. Шоғы өше бастаған өнер саласының бәрінің қоламтасын қозғадық. Қара өлеңнің оты өшуге айналып, әр мақам көмескіленген тұста, «Балғынбек пен Жандарбектен кейін айтыс жібі үзілді деп» сынап келген уақытта әр жанрдың өзегіне жан бітті. Айтыс жанданды. «Жер жаннаты – Жетісу» деген үлкен телевизиялық байқау нәтжесінде әр ауданнан айтыс ақындары шыға бастады, өнерпаздар қаулап өсіп келеді. Бір сөзбен айтқанда біз республикалық концертке ауылдағы өнерпазымызды да апара алатын деңгейге көтерілдік.
– Енді рухани бағытқа ойыссақ, кітаппен қаншалықты доссыз? Жалпы отбасындағы кітап оқу үрдісі қалай қалыптасқан?
– Бала күнімнен кітапқа құмар болып өскен қазақпын. Мәселен, ағаларым қойлы ауылда сізге керек қой деп әкемізге әкеліп берген «Балқаш» деген фонармен көрпенің астында түннің жарымына дейін тығылып кітап оқитынмын. Бүгінгі таңда жеке кітапханамда 3000 кітабым бар. Бәрін түгесе оқыдым. Ал қызығы қазіргі таңда өзім өмірлік темірқазығым саналған Өзбекәлі Жәнібеков туралы «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабын әлі оқып жатырмын. Жұмыс бар, жауапты міндеттер бар, кітап оқуға қол тимей кетті. Отбасыма келсек, балаларымның бәрі кітапқа жақын. Арнайы уақыт бөліп ұлы тәрбиеші саналған, барлық білімнің бастауы болған кітаппен сырласады. Үнемі ыждағаттылықпен оқиды. Десе де, гаджет заманында балаларды көп нәрседен шектей бермеймін. Жаһандану кезеңінде технологияның да игілігін көруі керек. Бірақ кітаптың ұлы ұстаз екенін әр балам тамырына қонақтатты деп толыққанды айта аламын.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ




