Қазақстандық командалар қысқы ауыс-түйісте қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Спорттық мансабының басында «Қазақтың Мессиі» лақап атымен танылған Еркебұлан Сейдахмет клуб ауыстыруы мүмкін.
Бұл жөнінде «Тараз» футбол клубының директоры Дидар Сыдықбек өзінің Telegram-дағы парақшасында: «Еркебұлан Сейдахметпен оның «Таразға» оралу мәселесі жөнінде әңгімелестік. Оған келісімшарт ұсындық. Жақын арада нақты жауабын береді», – деп жазды.
Алайда 25 жастағы Еркебұлан Сейдахметтің «Ақтөбе» футбол командасымен келісімшарты бар. Ол былтыр ақпанда «Қайрат» сапынан ауысып келіп, өткен маусымда 18 ойынға қатысып, 1 гол салып, 4 пас берді.
Жамбыл футболының түлектерін жинап жатқан директор Еркебұланмен «Ақтөбенің» арасындағы келісімшартты ескеріп: «Егер осы мәселе оңтайлы шешілсе, Еркош уәдесінде тұрып, туған қаласына оралуға дайын», – дейді.
«Тараз» футбол клубы былтыр Бірінші лигада 35 ұпаймен 8-орын алды. Биыл құрамын күшейтіп жатқан команда Премьер-лигаға шығуға басты үміткерлердің бірі.





