Талдықорғанда 2011/12 жылы дүниеге келген қыздар арасында волейболдан Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты өтіп жатыр. «Жетісу» командасы қарсыластарының барлығын айқын басымдылықпен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.
Жетісудың қыздары топтық кезеңде «Бейбарыс» (Алматы) командасына және Жамбыл, Ақмола облыстарының құрамасына еш мүмкіндік бермеді. Барлық қарсыласын 3:0 есебімен жеңді. Ширек финалда Шығыс Қазақстан құрамасының қыздарын 3:0 (25:11, 25:23, 25:18) нәтижесімен ұтты. Енді жартылай финалда «Атырау» командасымен ойнайды. «Атырау» жартылай финалда Павлодар облысының қыздарынан 3:0 (25:14, 25:15, 25:12) есебімен басым түскен еді.
— Талдықорғанда қысқы чемпионат жоғарғы деңгейде өтіп жатыр. Бүгінгі ширек финалдың ойындарын ойдағыдай аяқтадық. Ертеңгі жартылай финалдың кездесуінде барымызды саламыз,- дейді «Жетісу» командасының ойыншысы Асылы Әбітай.
Талдықорғандағы жарыс «Жастар» спорт сарайымен «Жастар-2» залында болып жатыр. Қысқы чемпионат 10 қаңтар күні аяқталады.
Серік ҚАНТАЙ





