Дәстүрлі ән – қазақтың бағзыдан қалыптасқан бай қазынасы, фольклордың музыкалық саласының бір тармағы. Көк құрақтай көз қуантып өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа халық мұрасын дәріптеу біздің міндетіміз.
Үштөбе қаласындағы балалар шығармашылығы орталығында ұлы өнеріміз ұмыт қалмасын деп, ұлттық қазынамызды шәкірттерімізге тынбай үйретіп келеміз. Мектебімізде облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып жүрген, болашағынан үлкен үміт күтетін шәкірттер баршылық. Атап айтсақ, Ташкентте өткен «Шығыс жұлдызы» халықаралық байқауда Кәусар Нұрлан 1-орындлы жеңіп алды. Қарақат Әкімбай аудандық «Нағыз қазақ – домбыра 2025» байқауында жеңістің желкенін көтерсе, облыс әкімінің жүлдесі өткен «Жетісу жұлдыздары – 2024» байқауында, ҚР Еңбек сіңірген артисі, Әнші, композитор Мырзахмет Мұхаманов атындағы «Жетісу бұлбұлдары» байқауында «Дәстүрлі ән» номинациясында 2-орын алды. Бұл әуелетіп ән айтқан бүлдіршіндер алған марапаттың бір парасы ғана.
Балалардың өнер сайысында топ жарып, облыс мәртебесін асқақтатып жүргені біз үшін абырой. Осының бәрінде шығармашылық мектепте қызмет істейтін әр ұстаздың еңбегі жатыр.
Гүлмира ҚАБАНБАЕВА,
Балалар шығармашылығы орталығының дәстүрлі ән мұғалімі
Қаратал ауданы





