Күнделікті жұмысыңызға сізді не жетелейді? Мамандыққа деген махаббат па, әлде күйбең тіршілік қамы ма тек? Енді мына қызыққа қараңыз, статистикаға сүйенсек, әрбір екінші адам оқыған мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Көбі мектеп бітіргенде тағдырын шешетін шешім қабылдадым деп ойлайды, ал шын мәнінде «дипломды сөреге қою» үшін 4 жылын сарп етеді…
Ресми дерек пен сауалнамаларға сүйенсек, Қазақстан мен ТМД елдерінде еңбекке қабілетті халықтың 45-50%-ы өз мамандығынан мүлдем алшақ салаларда еңбек етеді. Бұл дегеніміз әрбір екінші маман өз дарын-қабілетін басқа салаға сарп етіп жүр. Оған қоса, жоғары оқу орнын бітірген түлектердің 30-40%-ы алғашқы 1-3 жылдың ішінде-ақ басқа салаға ауысып кетеді екен. Мамандықтан мүлт кетуге болмайтынын барлығымыз жақсы білеміз. Бірақ неге шешуші сәтке келгенде кідіріп қаламыз? Тіпті жауапкершілікті жат біреуге жүктей салғанымыз әлдеқайда жеңіл сияқты.
Мамандық таңдау маңызды іс. Сен тек өзің айналысқың келетін сүйікті ісіңді ғана емес, араласқың келетін ортаны да осы кезде таңдайсың. Біздің университет қабырғасында жүрген студенттер арасында жүргізілген шағын сауалнама нәтижелері де осы мәселенің тамыры тереңде жатқанын көрсетті. Сұралғандардың басым көпшілігі мамандық таңдаудағы негізгі фактор ретінде «грантқа түсу мүмкіндігін» (42%) және «ата-ананың қалауын» (28%) атап өткен. Ал «өзімнің қалауым мен қызығушылығым» деген жауап тек үштен бір бөлігіне ғана тиесілі. Бұл 17-18 жастағы жасөспірімнің өз болашағына емес, сыртқы жағдайларға тәуелді екенінің айқын дәлелі.
Неліктен 4 жыл өмірімізді сарп еткен дипломды сандыққа саламыз? Біріншіден, бұл «кеш ояну» синдромы. Психологтардың пікірінше, адамның кәсіби бағдары 21-23 жас аралығында, яғни университетті бітірер тұста ғана толық қалыптасады. Оған дейін біз қоғамның стереотиптерімен өмір сүрдік. Екіншіден, еңбек нарығының динамикасы. Бүгінгі таңда әлемдегі мамандықтардың өмір сүру циклі 5-7 жылдан аспайды. Біз 1-курста оқи бастағанда өзекті болған мамандық, 4-курсты бітіргенде автоматтандырудың немесе жасанды интеллектінің кесірінен сұраныстан шығып қалуы мүмкін.
Мына қызыққа қараңыз, көп жастар диплом алғаннан кейін жалақының төмендігіне байланысты мамандығын өзгертеді. Зерттеулер көрсеткендей, Қазақстандағы түлектердің 60%-ы өз мамандығы бойынша ұсынылған бастапқы жалақыға көңілі толмай, қызмет көрсету немесе сауда саласына ауысып кетеді. Ол жерде диплом талап етілмегенімен, табыс көзі біршама жоғары болуы мүмкін. Алайда бұл қысқа мерзімді шешім. Кәсіби біліктіліктің болмауы ерте ме, кеш пе «мансаптық тоқырауға» алып келеді. Мысал ретінде сауда-саттық саласында жүрген жастар мемлекеттік көмектен құр алады. Атап айтатын болсақ зейнетақы жарнасы, медициналық сақтандыру тағысын тағы.
Мамандық арқылы өмір салтын да таңдаймыз. Егер сіз таңертең жұмысқа барудан қашсаңыз, демек 4 жыл бұрын жасаған қадамыңыз қате болғаны. Бірақ қазіргі заман «өмір бойы оқу» (Lifelong learning) тұжырымдамасына негізделген. Сондықтан 4 жылды жоғалтқан уақыт деп емес, академиялық база мен тұлғалық қалыптасу кезеңі деп қабылдаған жөн. Дегенмен, мемлекет пен қоғам үшін бұл үлкен шығын. Бөлінген гранттардың, жұмсалған бюджет қаржысының тиімсіздігі ел экономикасына кері әсерін тигізеді. Біздің қоғамда қалыптасқан «диплом болса, аш қалмайсың» деген ескірген түсінік жастарды соқыр таңдау жасауға итермелейді. Алайда, қазіргі еңбек нарығында дипломның бар-жоғынан бұрын, нақты дағдылар мен құзыреттіліктер (skills) бірінші орынға шықты.
Зерттеу барысында анықталған тағы бір маңызды фактор практика мен теорияның байланыспауы. Студенттер 4 жыл бойы аудиторияда отырып алған білімін өндірісте қолдана алмайтынын көргенде, мамандықтан көңілі қалады. Статистика бойынша, техникалық мамандықтарда оқитын жастардың 45%-ы өндірістік базаның ескіруіне байланысты өз саласында қалудан бас тартады. Олар заманауи технологиялармен жабдықталған жеке секторға немесе мүлдем басқа креативті индустрияға кеткенді жөн көреді.
Нарықтың «көрінбейтін қолдары» және мәжбүрлік
Көбіне жастарды мамандығынан алшақтататын экономикалық қыспақ. Жас маман оқуды бітіргенде оның алдынан «тәжірибесіз жұмысқа алмаймыз» деген қабырға шығады. Бұл парадокс: жұмысқа тұру үшін тәжірибе керек, ал тәжірибе жинау үшін жұмысқа тұру керек. Осы тығырықтан шығу үшін түлектер уақытша табыс көзі ретінде курьерлік, сатушылық немесе такси қызметіне барады. Ол жердегі «жылдам ақша» адамды еліктіріп әкетеді де, 4 жыл жинаған академиялық білім біртіндеп өле бастайды.
Психологиялық кедергі: «Мен кіммін?»
Психологтар осы құбылысты «кәсіби дезориентация» деп атайды. 17 жастағы баланың таңдауы көбіне эмоцияға немесе трендке негізделеді. Мысалы, 2010-жылдардың басында бәрі заңгер мен экономист болуға ұмтылса, қазір бәрі IT маманы болғысы келеді. Бірақ ішкі икемділік (soft skills) ескерілмейді. Егер адам табиғатынан қарым-қатынасқа бейім болса, бірақ ол ата-анасының айтуымен зертханада отыратын химик мамандығын оқыса, 4 жылдан кейін оның ішкі «мені» бұл кәсіпке қарсылық білдіреді. Нәтижесінде диплом сөреде, ал маман басқа салада жүреді.
Бұл мемлекет үшін неге қауіпті?
Бұл тек жеке адамның трагедиясы емес, мемлекеттік масштабтағы шығын. Қазақстанда жыл сайын мыңдаған мемлекеттік гранттар бөлінеді. Егер грант иегері өз мамандығымен жұмыс істемесе, мемлекеттің оған жұмсаған миллиондаған қаржысы желге ұшты деген сөз. Яғни, «тиімсіз инвестиция». Сонымен қатар, нағыз таланттар өз саласында жүрмегендіктен, ғылым мен өндірісте инновация тежеледі. Біз «дипломы бар дилетанттар» мен «дипломы жоқ практиктер» армиясын қалыптастырып жатырмыз.
Мамандық бойынша жұмыс істемеу әлем бойынша ушыққан үрдіс екені рас. Бұл үлкен мәселе. Оны шешу жолында кәсіби бағдар беру жұмысын 5-6 сыныптан бастап, баланың бейімін ерте анықтау қажет. Сонымен қатар университеттер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты күшейту маңызды рөл атқарады. Студент 1-курстан бастап болашақ жұмыс орнын көруі тиіс. Екінші мамандық алу (Reskilling) жүйесін жеңілдету маңызды. Егер адам қателескенін түсінсе, ол 4 жылды қайта сарп етпей-ақ, қысқа мерзімде қайта даярланудан өтуі керек.
Ақыр соңында, диплом бұл тек қағаз. Ал мамандық – бұл сенің қоғамға тигізер пайдаң. 4 жыл оқып, басқа салада жүргеніңіз үшін өзіңізді кінәлаудың қажеті жоқ, мүмкін ол жылдар сізге «қалай оқу керек екенін» үйреткен болар. Алайда, болашақ ұрпақтың мұндай қателікке ұрынбауы үшін бүгіннен бастап саналы таңдау жасау мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Өйткені, бақытты қоғам – өз ісін сүйетін мамандардан құралады.
Мақпал Әділханқызы





