Талдықорғанда 2011-2012 жылы дүниеге келген қыздар арасында волейболдан Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты аяқталды. Бір аптаға созылған жарыста «Атырау» командасы жеңіске жетті. Ал «Жетісу» командасы болса қола жүлдеге ие болды.
Үшінші орын үшін болған ойында «Жетісудың» қыздары «Жаңаөзен» (Маңғыстау облысы) командасын 3:0 (25:19, 25:23, 25:21) есебімен жеңді. «Жетісу» сапынан жалпы турнирдің «үздік ойыншысы» болып диагональды шабуылшы Ульяна Кокина танылды.
– Талдықорғандағы қысқы чемпионат жоғарғы деңгейде өтті. Біз үшінші орын алдық. Иә, біз бірінші орын алғымыз келген, алайда жартылай финалда сәл сәттілік жетпеді. Алдағы уақытта жақсы нәтижемен қуантамыз деп ойлаймын. Ал бізді бір апта бойы қолдап келген әр жанкүйерге алғыс айтамын, – деді «Жетісу» командасының капитаны Асылы Әбітай.
Финалда «Атырау» командасы №5 Олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің (Астана қаласы) қыздарынан үш сетте басым түсті (25:19, 25:10, 25:21).
– Жарыс керемет өтті. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Әр ойын өзінше тартысты болды, – деді жарыстың бас төрешісі түркістандық Қуат Айдарбеков.
Серік ҚАНТАЙ





