Қазақстанда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында клиникалық фармакология және госпитальдық фармация бөлімшелерін кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары жалғасып жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл жаңашылдық медициналық ұйымдардағы дәрілік заттардың жұмсалуын оңтайландырып, бюджет қаражатын үнемдеуге септігін тигізуде. Мәселен, 2023-2024 жылдары 19 медициналық ұйымның жұмыс қорытындысы көрсеткендей, бұл бөлімшелердің экономикалық тиімділігі шамамен 1 млрд теңгені құрады. Мұндай нәтижеге емдеу схемаларын оңтайландыру, полипрагмазияны (науқасқа тым көп дәрі тағайындау) төмендету және әр адамға арналған дербестендірілген фармакотерапияны енгізу арқылы қол жеткізілген. 2025 жылы республика бойынша госпитальдық фармацияның 49 жаңа бөлімшесі ашылып, қазіргі таңда олардың жалпы саны 126-ға жетіп отыр.
Бұл жүйе – аурухана ішіндегі дәрі-дәрмек айналымын толық бақылайтын заманауи басқару моделі. Оның аясында әрбір науқасқа қажетті дәрілік заттардың мөлшері нақты есептеліп, тек керекті мөлшерде ғана беріледі. Дәрілердің артық жұмсалуын немесе қоймада қалып қоюын болдырмайды. Сонымен қатар, фармаколог мамандар тағайындалған терапияның тиімділігін бақылап, дәрілердің бір-бірімен үйлесімділігін қадағалайды. Бұл емдеу сапасын арттырып, жанама әсерлердің қаупін азайтады. Дәрілік заттарды сатып алу және пайдалану барысындағы артық шығындар жойылып, үнемделген қаражат медицинаның басқа да қажеттіліктеріне бағытталады. Терапияның тиімділігін қадағалайтын ортақ жүйе қалыптасып, емханалардағы дәрі айналымы мөлдір әрі ашық болады.
Госпитальдық фармация тек қана ақша үнемдеу емес, ең алдымен пациенттің денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған маңызды қадам. 1 млрд теңгенің үнемделуі бұл реформаның дұрыс бағытта келе жатқанын және оны әлі де кеңейту қажеттігін көрсетеді. Болашақта еліміздегі барлық ірі стационарлар осы жүйеге көшкен жағдайда, медициналық бюджеттің тиімділігі еселеп артуы мүмкін. Бұл өз кезегінде халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жаңа деңгейге көтереді.





