Жетісу облысының орталығындағы «Тәубе» мешітінде ақсақалдар арасында «Батаменен ел көгерер» облыстық батагөйлер байқауы өтті. «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында қолға алынған іс-шараны ҚМДБ облыстық өкілдігі ұйымдастырған.
Байқауға Жетісу облысының әр аудан, қалаларындағы алдын ала іріктеуде үздік деп танылған ақсақалдар қатысты. Игі шараның ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан діни басқармасының Жетісу облысы бойынша бас имамы Керімбек Дәуітов қатысушыларға сәттілік тілеп, ізгі тілегін жеткізді.
– Халқымыз үшін бата беру – адам баласының сенімін нықтайтын мағыналы, рухани күш. Ата-бабаларымыз бұрыннан ақсақалдың батасын, алғысын алуды өзіне парыз санаған. Батаны көпті көрген қариялар ғана береді. Сондықтан қариялар да халық алдында беделін түсіріп алмауға, бата беруге лайық болуға тырысқан. Біз бата беру дәстүрімізді жаңғырту мақсатында осы іс-шараны өткізіп отырмыз,– деді бас имам.
Төрешілердің сөзінше, байқау жеңімпаздары шариғат пен дәстүрге сай мағыналы бата беру, дауыс ырғағы, дін мен дәстүрге қатысты қосымша сұрақтарға жауап беру талаптары бойынша анықталған. Сонымен тартымды да қызықты өткен байқаудың қорытындысы бойынша үздік үштіктен көрінген ақсақалдар алғыс хат және қаржылый сыйлықылармен марапатталды. Мұнда өз зеректігімен өзгелерден оқ бойы озып шаққан Көксу ауданының үміткері Данияр Рысұлы I орынды еншілесе, II жүлдеге Қаратал ауданынан келген Сейфолла Ержанұлы лайық деп танылды. Ал үздік III орын жүлдесін Ескелді ауданының қарт батагөйі Қызырбай Нұрахманұлы қанжығалады. Бұдан бөлек барлық қатысушыларға да арнайы Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жолғы байқаудың жеңімпазы алдағы уақытта киелі Түркістан қаласында өтетін республикалық бата беру сайында бақ сынап, Жетісу облысының намысын қорғайтын болады.
Айдын КӘЛІМХАН





