Қазақстандық банктер сәуір айынан бастап мобильді аударымдар туралы мәліметтерді салық органдарына бере бастайды. Егер сіз негізгі критерийлерге ілігіп, хабарлама алған болсаңыз, қандай әрекет жасау керектігін түсіндіреміз, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) түсіндіруінше, банктерден мәлімет түскен соң салық мамандары камералдық бақылау жүргізеді. Төмендегі талаптарға сай келетіндерге хабарлама жіберіледі:
-
100 және одан да көп түрлі адамнан аударым түссе;
-
бұл жағдай қатарынан 3 ай бойы қайталанса;
-
аударымдардың жалпы сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен (1 020 000 теңге) асса.
Осыдан кейін оқиға екі бағытта өрбуі мүмкін.
Егер сіз хабарламамен келіссеңіз
Бұл жағдайда хабарламада көрсетілген бұзушылықтарды жою қажет. Ол үшін:
-
қарапайым салық төлеуші болсаңыз – тиісті салық есептілігін тапсыру;
-
өзін-өзі жұмыспен қамтыған болсаңыз – қосымша арқылы табысты көрсетіп, салық пен әлеуметтік төлемдерді төлеу;
-
басқа салық режиміне ауысқыңыз келсе – қажетті рәсімдерді орындау шарт.
Егер сіз хабарламамен келіспесеңіз
Мұндай жағдайда салық органына аталған сәйкессіздіктер неліктен заң бұзушылық емес екенін түсіндіретін хат жолдау қажет. Түсіндірмеде мыналар көрсетілуі тиіс:
-
сіздің және салық органының мәліметтері;
-
хабарламаның нөмірі мен күні;
-
нақты немен келіспейтініңіз және оның себебі;
-
күні мен қолыңыз;
-
дәлелдейтін құжаттар (егер болса).
Егер хабарламаның бір бөлігімен келісіп, екінші бөлігіне қарсы болсаңыз, келіскен тұсыңыз бойынша «қателерді түзетіп», қалған бөлігіне түсіндірме жазуға болады. Барлық әрекеттерді орындауға хабарлама алған күннен бастап 30 жұмыс күні беріледі.
Талапты орындамаудың салдары
Егер хабарлама уақытында орындалмаса немесе мамандар сіздің түсіндірмеңізге күмән келтірсе, аталған сәйкессіздіктер бойынша салықтық тексеру тағайындалуы мүмкін. Айта кететін жайт, хабарлама алып, бір ай ішінде салық органына келмеген жағдайда, 41-күні шоттар бұғатталуы ықтимал.
Сондықтан мобильді аударымдар арқылы кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарға дер кезінде тіркеліп, салықты ашық төлеуге кеңес береміз. Бұл болашақта шоттардың бұғатталуы немесе айыппұлдар сияқты қиындықтардың алдын алады.





