Цифрлық технология дамыған сайын қылмыс та түрленіп барады. Кейінгі кезде елді қарусыз тонап жүргендер көбейіп кетті. Сондай оқиғаның бірінен полиция қызметкерлері зейнеткер ананы құтқарып қалды.
Талдықорғандағы сауда орталығының маңында полицейлер егде жастағы әйелдің телефонмен толқып сөйлесіп тұрғанын байқайды. Әңгіменің сипаты күдікті болып көрінеді. Себебі әйел үрейленіп, біреудің нұсқауымен әрекет етіп жатқандай болады. Мұны байқаған полиция қызметкерлері тұрғыннан мән-жайды сұрайды. Сөйтсе, белгісіз біреулер зейнеткерге телефон соғып, «тексереміз» деген желеумен одан смс-хабарламадан кодты беруін талап етіпті. Алаяқтар оның атына 5 миллион теңгеге несие алмақ болған, бірақ банк 2 миллион теңгені ғана мақұлдапты. Бұл оның алаяқтарға аудармақ болған нақты сомасы.
Полицейлер телефонмен өзін «Әсел» деп таныстырып, «зейнеткердің қызымын» деп мәлімдеген әйелмен сөйлескен. Бірақ, анасының аты-жөнін толық айта алмапты. Полиция қызметкерлерінің қырағылығының арқасында алаяқтықтың жолы кесілді.
Осыдан кейін зейнеткерге түсіндірме жұмысы жүргізіліп, алаяқты қалай анықтауға болатыны айтылыпты. Облыстық полиция департаменті алаяқтардың арбауына түсетіндердің көбі егде жастағы адамдар екенін айтуда.
Интернет алаяқтар көбіне адамдарға несие рәсімделгені туралы айтып, банк картасы бойынша мәліметтерді, карточка нөмірін, банк картасының артқы жағында орналасқан CVV кодын айтуды сұрайды екен.
Сонымен қатар, WhatsApp мессенджерімен қоңырау шалады. Өйткені WhatsApp қоңырауларын бақылау өте қиын. Сондықтан полиция департаменті қызметкерлері ешқашан банк немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің несие беру, мүлікті сату және ақшасын қауіпсіз шоттарға аудару немесе несие беру туралы телефон нұсқауларын орындамауды ескертеді.
Себебі, құқық қорғау органдары телефон арқылы арнайы операциялар жүргізбейді. Пластикалық карталардың деректемелерін ешкімге хабарламауды, аударымдар туралы түбіртектерді, тіпті банк, полиция қызметкерлері екенін айтқан тұлғаларға кодтар мен кодтық сөздерді бермеуді талап етеді.
Айдар ҚАЛИЕВ





