Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейлі мерекесіне орай Жетісу облысындағы мектептерде арнайы қонақ дәрістері өткізілуде. ҚХА жанындағы ақпараттық-түсіндіру топ мүшелерінің қатысуымен жалғасып жатқан мұндай іс-шаралар «Салауатты сана» жобасы аясында қолға алынған.
Тәрбиелік мәні зор шараға облыс орталығындағы жетекші журналистер клубының, өңірдегі аудандық, қалалық аналар кеңесінің, корей, татар, орыс этномәдени бірлестіктерінің төрағалары атсалысып, құнды ақыл кеңесерін жеткізуде.
Еске сала кетсек, өткен жылы іске асырылған «Салуатты Сана» жобасы нашақорлық, құмарпаздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сынды әлеуметтік кеселдермен күресуге бағытталған.
Талдықорған қаласындағы №16 орта мектепте өткен кездесуде сөз алған Жетісу облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы журналистер клубының төрағасы Атсалим Идигов салауатты сана жобасының маңыздылығына жан-жақты тоқталып, оның орнықтылықты сақтап, адал азамат тәрбиелеуде маңызы зор екенін атап өтті.
– Қазір еліміздің алға қойған үлкен мақсаты барлық тұрғындар үшін ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесін тануға бағытталған бірлікке жету. Халықтың бірлігі – Қазақстанның барша жетістіктерінің кілті. Ал бейбітшілік пен тұрақтылық – жалпыхалықтық жетістік екенін көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз мұны жақсы түсінеді. Сондықтан болар, бүгінгі таңда Қазақстан ұлтаралық татулықты сақтап отырған бірегей мемлекет ретінде дүниежүзіне танылып, өзгелерге үлгі болатындай дәрежеге жеттік деп айта аламын»,– деді клуб төрағасы.
Мамандардың айтуынша, аталған дәріс бүгінге дейін Талдықорған қаласындағы №5, №15, №16, №30, Текелідегі №3, №4, №6, №8 орта мектептерде, Қаратал аудандық А.С. Пушкин атындағы №13 мектеп-интернатында ұйымдастырылған. Алдағы уақытта тұрақты түрде жалғасын таппақ.
Айдын КӘЛІМХАН





