Қытай билігі трансшекаралық қылмыс пен жоғары лауазымды шенеуніктер арасындағы жемқорлыққа қатысты кезекті қатаң үкімдерін шығарды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы ekd.me сайтына сілтеме жасап.
Қатаң жаза Бейжіңнің заң бұзушылықтарға, мейлі ол қылмыстық топ немесе мемлекеттік қызметкер болсын, ешқандай кешіріммен қарамайтынын тағы да дәлелдеді.
Вэньчжоу қалалық соты Мин отбасына тиесілі қылмыстық синдикаттың 16 мүшесін өлім жазасына кесті. Бұл топ 2015 жылдан бері Мьянма мен Қытай шекарасында заңсыз құмар ойындары мен трансшекаралық алаяқтық желісін құрып, мемлекетке 10 млрд юань (шамамен 1,4 млрд доллар) көлемінде зиян келтірген. Қылмыстық топтың әрекеті тек қаржылық алаяқтықпен шектелмеген. Олар мыңдаған жұмысшыны заңсыз қамауда ұстап, адам өлтіру, есірткі саудасы және жезөкшелікті ұйымдастыру сияқты ауыр қылмыстарға барған.
Үкім бойынша 11 адам кешірім жасау құқығынсыз бірден өлім жазасына кесілді, олардың ішінде Мин әулетінің ықпалды мүшелері бар. Тағы 5 адамның жазасы екі жылға шегерілсе, 11 адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Синдикат жетекшісі, бұрынғы депутат Мин Сюэчан 2023 жылдың қарашасында полиция рейді кезінде өзіне-өзі қол жұмсаған болатын.
Сонымен қатар, Қытайдың Ауыл шаруашылығы және ауылдық істер жөніндегі бұрынғы министрі Тан Жэньцзянь ірі көлемде пара алғаны үшін өлім жазасына кесілді. Алайда, оған екі жылдық мерзімге жазаны өтеуді шегеру мүмкіндігі берілді. Тергеу мәліметтері бойынша, 63 жастағы Тан 2007–2024 жылдар аралығында түрлі лауазымдарда отырып, жалпы сомасы 268 млн юаньнан (38 млн доллар) астам пара алған.

Министр сотта өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді. Қытай заңына сәйкес, егер ол алдағы екі жыл ішінде басқа қылмыс жасамаса, өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуы мүмкін. Бұл Қытайдың «жолбарыстар мен шыбындарды», яғни ірі және ұсақ жемқорларды жазалау саясатының айқын көрінісі.
Мұндай қатаң үкімдер мемлекеттегі тәртіпті нығайтуға және жоғары лауазымды тұлғалар арасындағы жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Трансшекаралық алаяқтық желілерін жою көршілес елдердегі, соның ішінде Орталық Азиядағы цифрлық қауіпсіздікке де оң әсерін тигізеді. Киберқылмыс пен заңсыз қаржылық айналымдарға тосқауыл қою – заманауи әлемдегі ең басты міндеттердің бірі. Қытай билігінің бұл қадамдары кез келген тұлғаның заң алдында жауап беретінін тағы бір мәрте паш етті.





