Талдықорған: +1°C
$ 501.02
€ 597.27
₽ 6.59
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР АЛТЫН ТҰҒЫР

Әке аманатына адалдық

31.01.2026
АЛТЫН ТҰҒЫР, ЖАНСАРАЙ
Әке аманатына адалдық
WhatsAppTelegramFacebook

Жақсының ұрпағын қазекем «Асылдың сынығы». «Жақсының көзі», «Тұлпардың тұяғы» деп әспеттейді. «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп баланың әке атына кір келтірмеуін дәріптейді. Мұндай ұрпақ қазақта көп. Әкеден аса туған балаларды да көріп жатырмыз. Тектілік те тұқым қуады. Қазақ спорт журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, байрақты бәсекелерде жағымды даусымен талайдың жүрегін тербеп, стадиондағы дүрмекті бір арнаға тоғыстырған дара тұлға – Амангелді Сейітханды білмейтіндер кемде-кем. Намыс тартысқа түскен сәтте ұлтқа рух сыйлаған Амангелдінің есімі қазақ спорты тарихында ғана емес, ұлттық журналистиканың алтын қорында мәңгі сақталып қалды.

Спорт тілшісі тағылымының үзілмей, ұрпақ санасына жалғасып келе жатқаны – ұлы Бекасыл Сейітханның өмірлік ұстанымымен байланысты. «Асылдың сынығы» деген баға дәл осындай ұрпаққа арналғандай. Бекасыл: «Әкем өзін өмір бойы халықтың баласымын деп есептеді», – дейді. Бұл жай ғана әдемі сөз емес, Амангелді Сейітхан ұлтының арда емген адал ұлы еді. Базарда жүрген қарапайым адаммен де, мінбердегі тұлғамен де сөйлесе алатын. Бұл қасиет журналист үшін өте қажет. Себебі, сенің көрерменің, оқырманың – халық. Халықтың арасында бала да, ұста да, малшы да, ғұлама да бар. Ендеше, журналист баршаға ұғынықты тілде сөйлеуі керек. Амангелді екеуміз әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетінде қатар оқыдық. Ұстаздарымыз да бір еді. Ғалым, қазақ журналистикасының негізін қалаушылардың бірі, ұстазымыз Темірбек Қожакеев: «Облыс әкіміне еркін кіріп, сұхбат ала алмаған журналистен үміт күтпей-ақ қойыңдар. Журналист өткір болуы керек. Мекеме басшысы ақпарат бермеймін деп есіктен шығарып жіберсе, терезеден кір», – деп ақпарат таратуда бірбеткей болуға тәрбиелейтін.

Сондай ұстаздардың тәлімін көрген Амангелдінің өткір болмауы мүмкін емес еді. Амангелдідей мықтыдан туған Бекасыл да әкесі секілді өткір, әр ісіне байыпты байлам жасап, сөз саптауына дейін әкеден үйренген тәлімді бүгін қалың жұртқа көрсетіп жүр. Жанкүйерді өзіне баурап алатын Амангелдінің бойындағы қасиетті ұлынан да байқауға болады. Бекасылдың сөйлеген сөзі мен эфир жүргізгендегі теңеулер, қас-қағым сәтте тауып айтатын, елді елітіп, жанкүйердің делебесін қоздырып, рухын жанитын сөздерді бүгінгі жұрт естіп жүр. Тұлпардың тұяғы, алтынның сынығы кешегі Амангелдінің ізбасары өсіп келе жатқанына жұрт қуанатыны белгілі.

Тікелей эфирде жұмыс істеу, ойынның барысын дәл айта білу жүйрік журналистке ғана тән қасиет. Тікелей эфир қателесуді кешірмейді. Қалай айттың, солай көрсетіледі. Онда қателік түзетілмейді. Сондықтан Бекасыл бауырымыздың да спорт додасында, ойыншының ептілігін дәл жеткізе білуі әкеден жұққан қасиет екені белгілі. Қазақта «Әкеден өте туған ұл» деп жатады. Міне, Бекасылдың осы қасиеттері әкеден өте туғаны, әке жолын қуғаны емес пе?! Жүректен шыққан сөз – жүрегіне жетті. Бекасылдың да сөзі мірдің оғындай нық, тап басып, тауып айтады. Әсіресе, спорт жағына келгенде қамшы салдырмайтын жүйрік аттай зулап, найзағайдай жарқырап шыға келетіні, дәл сол алтындай жарқыраған Амангелдінің тәрбиесі екені анық. Амангелді Сейітханды халық ақтарыла сөйлейтін аңқылдақтығы үшін де сүйіп, айызы қана тыңдады. Асылдың сынығындай болған Бекасыл да аңқылдап, үлкеннің көңілін жықпай, мәдениетті, әңгіме барысында сауатты сөйлеуі әкенің қанымен берілген қасиет деп бізде іштей мақтанып отырдық.
Ол доптың бағытын баяндай отырып, ұлттың жүрек соғысын да тыңдады. Жүрекке салмақ емес, күш беруді ойлады. Міне, нағыз ұлтының арда туған ұлы!

1998 жыл. Франция. Әлем чемпионаты. Жер жүзі жасыл алаңдағы ойынды қазақша тыңдады. Бұл – жай ғана комментаторлық емес, тілдің жеңісі, рухтың жаңғырығы еді. Бангкоктың ыстығы, Сиднейдің самалы, Солт-Лейк-Ситидің ақ бораны да оның даусымен қазақ даласына жаңғыра жетті. Эфир арқылы ол ұлттың намысын арқалады.

Ол спортты санмен емес, армен өлшеді. Амангелдінің Белоруссия мен Қазақстан арасындағы ойында тікелей эфирден айтқан сөзін біздің замандастар ризашылықпен еске алады. Курстастар бас қосқанда ұлдар: «Абекең ер еді ғой» деп тамсанып отырады. Ол жағдай былай болған еді. Белоруссия мен Қазақстан арасындағы ойында бар-жоғы екі қазақ қана бақ сынады. Ойын барысында сол екі қазақты басқа ұлттың ойыншыларымен алмастырып жіберді. Тікелей эфирде комментатор болып отырған Амангелді: «Қай елдің құрамасын жүргізіп отырмын?» деп жанайқайын айтып жіберген.

Ол ұйымдастырушылардың қулығына шыдамады. Шындық екіжүзділердің шымбайына батты. Бұл әңгіме талайға дейін басына пәле болды. Кейіпкеріміз сөз құдіреті арқылы шындық іздеді. Қара сөз арқылы қазаққа қызмет етті. Оны көрермен ұмытпайды. Бүгінде Бекасыл да байрақты бәсекелерді жүргізіп жүр. Оның да бойында ұлтжандылық пен қазаққа деген ерекше сүйіспеншілік бар. Расын айту керек, кей кезде қазақ балаларының жеңілісіне күйініп, жеңісіне шаттанғанда дауыс ырғағы, ойын мен жанкүйердің арасын жалғаған алтын көпірдей, әр олқылықтың тігісін жатқызып, жігіттерімізді қайрап өткені дәл кешегі эфирде саңқылдаған Амангелдіні көз алдыңа әкеледі. Бұл сол ұяда көрген тәрбие мен әкенің аманатына деген адалдықтың белгісі деп білеміз. Қаршадайынан комментаторлық қызметті бар болмысына сыйғызып, кішкентай жүрегіне жаттап өскен Бекасыл спорттың бекзада өнер екенін анық түсінді. Әкенің ақылына қанық болғаны сонша, комментаторлық қызметтің қыр-сырын жетік меңгеріп, әр ойыншының жеке өміріне үңіле білуі, саналы баланың үлгісі. Бұл тұрғыда Бекасылдың әкенің тәрбиесімен қатар, білімін де сіңіре білгендігін аңғаруға болады. Әкесі кітапқұмар ұрпақтың жалғасы. Сол жолды ұлы да жалғап, сүбелі сөз айту үшін талай кітапты парақтағаны айтпаса да түсінікті. «Қасқадан қасқа тумаса да, төбел туады» деген тәмсіл бар. Міне, Бекасыл сол маңдайында жарқыраған белгісі бар жүйрік тұлпардың бірі. Осыншалық сұңғыла ой мен сүбелі сөз қайдан келді дегенде, әкенің қаны мен мықтылардың кітабынан келді десек артық айта қоймаспыз. Бұл тұрғыда әке баласына «Мұратқа жеткің келсе білім ал», «Артық білім – кітапта» деген қанатты сөзді мықтап шегелеп кеткені белгілі. Ал осы қасиетті санасында жаңғыртқан Бекасыл да саналы бала, әке аманатына қиянат жасамайтын асылдың сынығы екені даусыз.

…Париж Олимпиадасы. Жаңа ғасыр. Жаңа буын. Бұл – сол үннің жалғасы. «Хабар» арнасының эфирінде Бекасыл Сейітхан спортты ана тілінде сөйлетті. Бұл – әкенің аманатына адалдықтың дәлелі.

Амангелдінің әрбір эфирге дайындықсыз шыққанын естіген де, көрген де емеспіз. Оны көзкөргендердің естелігінен талай мәрте оқыдық, құлағымызбен естідік және көзімізбен көрдік. Париж Олимпиадасында баласы Бекасылдың сөз саптауын тыңдай отырып, оның да жауапты жұмысқа үлкен дайындықпен шығатынын ішіміз сезді, түйсігіміз алдамады.

– Барлық репортажға тыңғылықты дайындаламын. Үйде отырып алда болатын ойынның тактикалық жоспарын құрып, барысын қағазға түсіріп, ойша комментаторлық жасаймын. Әкемнің жеке мұрағатында дәптерге түсірілген сызба, жазбалар әлі күнге дейін сақтаулы. Сол жазбаларды бір қарап шығып, ой қорытамын. «Жетік білетін спортың болса да дайындықсыз барма» деген әкемнің ақы- лы – менің басты ұстанымым – дейді бала Бекасыл.
Ұтымды сөз, білікті комментаторлық – жақсы дайындықтың жемісі. Орамды ой айтқан Бекасылдың бұл сөзі «Әке көрген оқ жонар» деген тәмсілдің нақты дәлелі.

Бекасыл әкесінен ең алдымен маман емес, жақсы адам болуды үйренген. Мұндай байламға ұлының әкесі жайлы айтқан естелігінен байқадық.
– «Адамның күні – адаммен» деген қағиданы тек сөзбен емес, іспен дәлелдеді. Өмірінде ешкіммен жауласпады. Маған да соны үнемі ескертті. Ренжісе де жасы үлкеннің алдында кішірейе салатын. Кешірім сұраудың әлсіздік емес, парасаттылық екенін үнемі санама жаттатты, – дейді.

Бекасыл үшін бұл – әкесінен алған өмірлік сабақ. Араларындағы қарым-қатынас туралы айтқанда қимас шақтарын сағынышпен еске алды. Әке мен бала ретінде ерекше құрмет, сыйластық, түсіністік ерекше жарасым тапқан. Кейде әке мен бала ағалы інідей болып жатады. Ал олар өмірдің заңдылығына сай үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсете білген жандар.

– Мен дұрыс жүрмесем, дұрыс сөйлемесем әкемнің атына кір келуі мүмкін. Сондықтан ісіме жауап беруге бала жастан бейімделдім. Менің де ұраным – Жеңісті күндерде жүздескенше!, – дейді Бекасыл.

Ол өзін күн сайын тәрбиелеуге тырысады. Таңғы тынысын жоспармен бастайды. Бекасыл бүгінгі қазақ спорт журналистикасының дамуын жоғары бағалайды. Қазақстанда мықты журналист, талантты комментаторлар өсіп келе жатқанын атап өтті. Бұл дамуға шетелдік мамандар да жоғары баға беруде. Шешуші сәтте адам сөзінен жаңылмауы керек. Бұл – адамның ұстанымына да байланысты. Ерік, жігері мықты, қайтпас, сенімді адам жолынан жаңылмас болар. Қайсарлық – осындай ұлт мүддесіне жұмыс істейтін адамдарға керек-ақ. Өйткені сені бүкіл жұрт тыңдап отыр. Тіпті, сенің сөзіңнен тәлім-тәрбиең, ұстанымың, ойың, ұшқырлығың байқалады. Әркім сөзі арқылы ойынан хабар береді. Ендеше, кез келген тілші алдымен жақсы адам болуы тиіс. Сонда ғана айтқан әр сөзінен нұр төгіледі.

– Біз бала кезімізден спортпен егіз өстік. Гимнастика, бокс, каратэмен де айналыстық. Әкем сөзімен қайрап, жігерлендіретін. Әр күні «Қазақтың қайрағы боласыңдар» деп отыратын, – дейді Бекасыл.

Амангелдінің жары Назгүл Нұрсапақызы қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Отбасында 4 бала бар. Тұңғышы – Ерасыл. Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасында ойыншы болған. «Қайсар» командасында үш дүркін бірінші лига чемпионы. Тізе жарақатына байланысты қазір мансабын аяқтаған. Бүгінде мемлекеттік қызметте. Зайыбы Малика екеуі Жұбаныш есімді ұлдың ата-анасы. Амангелді өмірден өткенде туған баланың атын үлкендер «жұбанышымыз» болсын деп осылай атапты.

Одан кейінгі қызы Гүлдана. С. Асфендияров атындағы медицина университетінің студенті. Болашақ лор дәрігері. Кіші қызы Айша орта мектептің 6-сыныбында оқиды. Біз қаламымызға арқау еткен кейіпкеріміз Бекасыл отбасында үшінші бала. Мамандығы бойынша тіс дәрігері, жақ-бет аймағының хирургі. Сонымен қатар, әке жолын жалғаған комментатор-жүргізуші, кәсіпкер. Атбегілікпен де шұғылданады. Қазақтың сегіз қырлы, бір сырлы азаматы.

Амангелді Сейітхан балаларына тек спортты ғана емес, өмірлік ұстанымдарын да қалыптастырды. Кітаптан оқығанын, көрген-түйгенін бөлісіп, олардың ой-өрісін кеңейтуге күш салды. Білімге, ізденіске баулыды. Бекасыл Сейітхан үшін әке – адалдық, еңбекқорлық, мейірімділіктің үлгісі. Артында қалған асыл мұра ұлының жүрегінде, сөзінде, кәсіби жолында бірге жасап келеді. Бұл – бір әкенің ғұмыр бойғы еңбегі, ұлының сол аманатқа адалдығының дәлелі. Әкенің ғұмыры – ұлдың тағдырына жазылған тағылым.

– Әкем жылқыны жақсы көретін. «Жылқы алға ұмтылуға, шабыт алуға, биікте жүруге әсер етеді» деп айтатын, – дейді ұлы.

Амангелдінің өмірі – тұтас бір мектеп. Ал сол мектептің сабағы үзілмей, ұлының бойында жалғасып келе жатқаны – қазақ қоғамы үшін олжа. Бекасыл Сейітхан – әке атын арқалап қана қоймай, әке аманатына адал болуға тырысқан азамат. Оның әр сөзі мен әрекетінен «Мен халықтың ұлымын» деген ұстаным анық сезіледі. Асылдан туған сынықтың асылдығы да осындай болса керек.

Гүлжан ТҰРСЫН

Қатысты жаңалықтар

Люблянадан Лондонға дейін

Люблянадан Лондонға дейін

31.01.2026
Тарихи титул. Рыбакинаның жеңісі

Тарихи титул. Рыбакинаның жеңісі

31.01.2026
«Ұлттық қор – балаларға». Әр балаға 130,71 доллар

«Ұлттық қор – балаларға». Әр балаға 130,71 доллар

31.01.2026
Шетелдіктерге жер сату жөніндегі тыйым алынды ма?

Шетелдіктерге жер сату жөніндегі тыйым алынды ма?

31.01.2026
Тиімді тәсіл

Тиімді тәсіл

31.01.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.