Қазақстанның отын-энергетика кешенін цифрландыру және инновациялық деңгейге көтеру бағытында маңызды қадам жасалды. Енді елімізде суперкомпьютер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланатын Салалық технологиялық құзыреттер орталығы (СТҚО) жұмысын бастайды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіннің мәліметінше ведомство басшысы Ерлан Ақкенженов пен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдері кездесіп, жаңа орталықтың тұжырымдамасын мақұлдады. Жобаның басты ерекшелігі – ол мемлекеттің стратегиялық мақсаттарын, ірі бизнестің инвестициялық мүмкіндіктерін және жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін бір арнаға тоғыстырады.
Орталық энергетика саласындағы күрделі жобаларды талдау, оларды цифрлық модельдеу және жасанды интеллект көмегімен басқару жұмыстарымен айналысатын болады. Мұнай-газ және электр энергетикасы салаларындағы шешімдердің дәлдігін арттырып, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Жаңа құрылымның негізгі алаңы ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бекітілді. Бұған оқу орнындағы қуатты «ҚазҰУ суперкомпьютерінің» болуы басты себеп болды. Техникалық мүмкіндіктер арқылы мұнай мен газ кен орындарын игерудің күрделі есептеулерін жүргізу, энергия жүйелерінің жұмысын модельдеу, жаңа технологияларды трансферттеу, салаға қажетті жаңа форматтағы цифрлық кадрларды даярлау жүзеге асады.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бұл бастаманың еліміз үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, құзыреттер орталығы қолданбалы ғылымды тікелей өндіріске енгізуге көмектесетін тиімді экожүйеге айналады. Қазақстанның инновациялық энергетикасын дамытуға үлкен серпін бермек.
Кездесу соңында министр СТҚО мен министрлікке қарасты барлық ұйымдардың өзара тығыз жұмыс істеу тетіктерін әзірлеуді тапсырды. Жақын арада орталық энергетикалық нысандардың тиімділігін арттыратын алғашқы цифрлық шешімдерін ұсынуы керек.





