Әке – баланың алғашқы ұстазы. Кейде әкенің бір сөзі емес, үнсіз қалуы көп нәрсені үйретеді. Өмірдің қиын сәттерінде әке тірегі, қолдауы аса қажет. Сондықтан әке тәрбиесі әрқашан қымбат. Ал бүгінгі қоғамда әкелер отбасының иесі, қамқоршысы болып жүр ме?
Баланың жанында мейірімді және қамқор ананың болуы қаншалықты маңызды екендігі туралы айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі туралы ой қозғайтындар аз. Әкенің қамқорлығы мен қолдауы балаға қаншалықты қажет? Бірге талдап көрейік. Өткенімізге зер салсақ, бағзыда аналарымыз үйге «әкең келе жатыр» дегенде ұл-қыздары әдеппен күтіп алатын. Қорыққаннан емес, асқар тауын қадірлегеннен. Әкеміз қаталдау, салмақты адам болғанымен, тәрбие мен білімге көп басымдық беретін. Махаббатын жайдарлы жүзінен емес, бізге деген қамқорлығынан байқайтынбыз.
Дана халқымыз «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ», «Әкеге қарап ұл өсер» деген тәмсілдерді текке айтпаса керек. Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, «тегіне тартқан» дейді. Бұрындары бүлдіршіндер «Кімнің баласысың?» «Өскенде кім боласың?» деген сұраққа «әкемнің баласымын, әкем сияқты ұстаз, шебер, ұшқыш боламын» деп мамандығын айтатын. Сұраған адам «Жақсы адамның баласы екенсің ғой» дейтін. Осы сөзді естіген бүлдіршін әкесі қандай мамандықта жұмыс істесе де бір марқайып қалады. Балаға беретін тәрбиеден бөлек, отбасындағы соңғы шешімді әке шығарады. Бала бір жаққа барса да әкеден сұранады. Яғни, әкенің отбасындағы рөлі болатын зор. Әке баланың алты жасына дейін оның бойына бар беретінін сіңіру керек. Әрі қарай бала қабілетіне сай өзі алып кетеді. Ал қазіргі қоғамды ше?
Бүгінде жас әкелер өткен буынға қарағанда бала тәрбиесіне белсендірек араласатыны байқалады. Мысалы, қазір көшеде бесікарбамен баласын серуендетіп жүрген немесе ойын алаңында ойнап жүрген әкелерді жиі көреміз. Бірақ, әке болу деген осы деп декреттік демалысқа шығып жатқандар да бар. Сондықтан ба, әке рөлін көбінде аналар атқаруда. Ең сорақысы қазір әкесі бола тұра жетім қалып жатқан бүлдіршін көп. Бүгінгі жетім бала мен кешегі жетім бүлдіршіннің айырмашылығы жер мен көктей. Қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесіндегі әке рөлін әлсіретіп алмаудың маңызы зор. Алайда тал бесіктен басталатын тәрбиенің тізгіні нарықтың қатал заңына бағынышты болып кеткелі көп отбасындағы құндылық көк жәшікке телмірген жаңа ұрпақты өсіріп келеді. Қажетті, қажетсіз ақпараттың бәрі де бала санасына ғаламтор арқылы сіңуде. «Темекі шекпе, арақ ішпе» деп өздері ішіп, шегетін әкелер де бар қоғамда.
Қазақтың «жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» дейді. Сондықтан отбасында әке өз орнын алу керек. Әйтпесе, отбасында бірлік пен береке орнай қоюы екіталай. Ұрпағыңыздың ертеңі сіздің бүгінгі берген тәрбиеңізге тікелей байланысты. Ендеше, сіз өз балаңызға қандай үлгі көрсетіп жүрсіз?
Фариза ДӘУРЕНҚЫЗЫ,
ЖУ студенті





