Кейбір құндылықтар уақыт өткен сайын ескірмейді, керісінше жаңаша мағынаға ие болады. Ұлттық нақыш – дәл сондай құндылықтардың бірі.
Бір кездері қазақы киім тек мерекеде ғана киілетіндей көрінетін. Шапан мен тақияны күнделікті өмірде емес, сахнадан немесе үлкен кісілердің үстінен ғана байқайтынбыз. Сол себепті ұлттық киім бізге алыстау, тек дәстүрдің белгісі сияқты сезілетін. Ал қазір бәрі өзгеріп келеді. Көшеде жүріп-ақ ою-өрнегі бар заманауи киім киген жастарды көргенде, бір жылы сезім пайда болады. Бұл – жай сән емес, өз тамырына қайта оралу сияқты. Жастар бұрынғыны сол күйінде қайталамай, оны жаңа көзқараспен қабылдап жатыр. Маған осы үйлесім ерекше әсер етеді: бір жағында – өткеннің ізі, екінші жағында – бүгіннің тынысы.
Бұл өзгерістің артында үлкен еңбек жатыр. Соның бірі – «Қазақ аруы – 2025» атанған Дәрия Қуатжан ұлттық өрнекті тек сақтап қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтеріп жүр. Оның киімдері қазақы рухты жоғалтпай, заманауи стильмен үндеседі. Осындай жұмыстарды көргенде, ұлттық киімнің болашағына сенім артады.
Қазіргі этностиль – жеңіл, ыңғайлы, әрі өмірге жақын. Оны тек мерекеде емес, күнделікті өмірде де еркін киюге болады. Ең бастысы – мұндай киім адамға өзін өзгеше сезінуге мүмкіндік береді. Бұл – сыртқы сән ғана емес, ішкі сенім.
Кейде біз өзіміздегі құндылықты бағаламай, алыстан іздейміз. Ал шын мәнінде, біздің мәдениетіміздің өзі – терең әрі әдемі әлем. Ұлттық нақыш сол әлемнің бір бөлшегі ғана емес, оның жүрегі сияқты. Ұлттық нақыш – өткеннің сарқыты емес, ол – бүгінгі күннің жаңарған бейнесі. Оны кию – сән үшін ғана емес, өз болмысыңды сезіну үшін қажет.
Гүлнәз ҚИНАЯТ
ЖУ студенті





