Қазақстандағы жылжымайтын мүлік нарығы 2025 жылды бағаның күрт өсуімен және тарихи рекордтардың жаңаруымен аяқтады. Алматыда шаршы метрдің орташа құны алғаш рет 820 мың теңгеден асып, жаңа салынған үйлер баға өсімінің негізгі қозғалтқышына айналды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Баға өсімінің себебі неде?
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Негізгі жаңалықтардың бірі – қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесінің 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтерілуі. Бұл өзгеріс нарыққа ресми күшіне енбей тұрып-ақ әсер ете бастады. Құрылыс компаниялары өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында-ақ баспана құнын қайта қарап, бағаны көтерген.
Нәтижесінде, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы баспана бағасы орта есеппен 16.5 пайызға артты. Астанада бұл көрсеткіш 18 пайызға жетсе, Алматыда 20 пайызды құрады. Әсіресе, Алматы қаласында шаршы метрдің құны 820 мың теңгеден асып, тарихи максимумға жетті. Элиталық санаттағы тұрғын үйлер тіпті қымбат.
Алайда, тек салық қана емес, үлестік құрылыс туралы заңға енгізілген өзгерістер де нарыққа қысым жасап тұр. Жаңа ережелер нарықтағы ұсыныстың азаюына әкелді. Ал ұсыныс азайғанмен, сұраныс жоғары деңгейде қалып отыр. Мәселен, 2025 жылы мәмілелер саны 4 пайызға өскен. Мамандардың пікірінше, ұсыныстың төмендеп, сұраныстың сақталуы бағаның төмендеуіне жол бермейді.
Жаңа үйлер мен коммерциялық нысандар
Бүгінгі таңда бағаның негізгі өсімі жаңа салынған тұрғын үй кешендерінде байқалады. Жаңа үйлер қымбаттаған сайын, оның артынан екінші деңгейлі нарықтағы (ескі үйлер) пәтерлер де бағасын көтеріп жатыр.
Коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығында да жағдай ұқсас. Соңғы екі жылда Астанада коммерциялық нысандар 48 пайызға қымбаттаған. Мұндай тенденция еліміздің басқа өңірлерінде де көрініс табуда.
2026 жылы не болады?
Бағаның қымбаттауына қарамастан, нарықтың құрылымы айтарлықтай өзгермейді. Ұсыныстың негізгі бөлігі, яғни 70-72 пайызы бұрынғысынша «эконом» және «комфорт» санаттарына тиесілі болады. Бизнес-класс үлесі 15 пайыз, ал элиталық баспана 5-8 пайыз деңгейінде қалады.
Нарықтың негізгі қозғаушы күші – қарапайым сатып алушылар. Сондықтан алдағы уақытта да сұраныс осы «эконом-комфорт» сегментінде шоғырланады.
Сарапшылар пәтер сатып алуды жоспарлап жүрген азаматтарға мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар мен құрылыс компанияларының ішкі бөліп төлеу мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды ұсынады. Тұрғын үй нарығындағы жағдай тұрақталуы үшін құрылыс көлемін арттыру және салықтық жүктеме мен халықтың төлем қабілеті арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды.





