АҚШ-тың Чикаго қаласында медициналық сақтандыру саласында бұрын-соңды болмаған дау туды. Екі Қазақстан азаматы Medicare мемлекеттік бағдарламасы мен жеке сақтандыру компанияларын алдап, миллиардтаған қаржыны жымқырды деп айыпталуда.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы Alash.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, Әнуар Әбдірахманов пен Таир Смағұл жалпы сомасы 1.5 млрд доллардан асатын жалған есепшоттар дайындаған. Бұл қаражат шын мәнінде көрсетілмеген медициналық қызметтер мен жеткізілмеген тауарлар үшін сұралған.
Әнуар Әбдірахмановтың ісі: Ол өзінің «Priority One Medical Equipment» компаниясы арқылы 2024 жылдың наурыз-тамыз айлары аралығында 666 млн доллардың медициналық тауарларын жеткіздік деп жалған есеп берген. Алайда тексеру жұмыстары компания кеңсесінің іс жүзінде жұмыс істемейтінін, ал тізімдегі азаматтардың ешқандай құрал алмағанын көрсетті. Жымқырылған қаржының бір бөлігі Гонконгтағы шетелдік есепшоттарға аударылған.
Таир Смағұлдың айыбы: Екінші күдікті «Medical Home Care Inc.» компаниясы арқылы медициналық катетерлер жеткізілді деген желеумен 953 млн доллар көлемінде жүздеген мың жалған өтінім жіберген. Бұл әрекетке қатысты Medicare жүйесіне 27 мыңнан астам шағым түсті. Смағұл сақтандырудан түскен ақшаны қолма-қол шешіп алып, кейін компания есепшоттарын жауып тастаған.
Бұл оқиға АҚШ-тың медициналық сақтандыру тарихындағы ең ірі алаяқтықтардың бірі ретінде қарастырылып жатыр. Мемлекеттік бағдарламадан миллиардтаған қаржының ұрлануы сақтандыру жүйесіне үлкен нұқсан келтіріп, қарапайым салық төлеушілердің қалтасына әсер етеді.
Қазіргі уақытта екі азаматқа қатысты сот процестері жалғасуда. Тергеу органдары жымқырылған қаражаттың қалған бөлігін іздестіріп, қылмыстық схеманың басқа да қатысушыларын анықтап жатыр.
Жат елде заң бұзу – тек жеке бастың емес, ел беделіне де нұқсан келтіретін әрекет. Сондықтан кез келген мемлекеттің заңын құрметтеу және қаржылық ашықтықты сақтау басты қағида болуы тиіс.





