Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанның The News International басылымына берген сұхбаты жарияланды. Сұхбат барысында Президент Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынасты стратегиялық серіктестік деңгейінде бағалап, екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейтуге мүдделі екенін айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президенттің айтуынша, Пәкістанға жасалған алғашқы мемлекеттік сапар қорытындысы бойынша көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, денсаулық сақтау және білім беру салаларын қамтитын 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылған.
Мемлекет басшысы өңірлік байланыстылық мәселесіне де тоқталып, Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан дәлізін дамыту Оңтүстік Азия нарықтарына шығу тұрғысынан стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жобалар елдердің транзиттік және көлік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
«Аймақаралық байланысты дамыту – күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселе. Қазақстан–Түрікменстан–Ауғанстан–Пәкістан дәлізін құру жобасына үлес қосуға әзірміз. Бұл бастама өңірлерді байланыстырып, Оңтүстік Азия нарығына шығуға жол ашады. Пәкістанның осы стратегиялық бағытта бізбен тығыз ынтымақтастық орнатуға ниетті екені қуантады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
АҚШ-тағы ішкі саяси үдерістерге қатысты пікір білдірген Президент Дональд Трампты ұлттық мүддені бірінші орынға қоятын әрі болашақты бағдарлай білетін көшбасшы ретінде сипаттады. Ол ақылға қонымды саясат пен заң үстемдігін нығайтудың маңызын атап өтті.
«Президент Трамп – тегеурінді әрі көреген көшбасшы. Ол елінің ұлттық мүддесін әрдайым бірінші орынға қояды. Мұны АҚШ экономикасының жоғары көрсеткіштерінен және ел ішінде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалардан аңғаруға болады. Қазақстанда да “Заң және тәртіп” қағидатын орнықтыруды мақсат етіп отырмыз», – деді Мемлекет басшысы.
Сұхбатта Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылу себептері де түсіндірілді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шешім бейбітшілік, халықаралық диалог және өңірлік тұрақтылық қағидаттарына негізделгенін, сондай-ақ инвестиция мен озық технология тартуға жол ашатынын айтты.
Президент Қазақстанның Израильмен қарым-қатынасы жақсы екенін, сонымен қатар Палестина халқын қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ екі мемлекеттің бейбіт қатар өмір сүруіне негізделген шешімді дәйекті түрде қолдайтынын атап өтті.
Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысты Мемлекет басшысы Қазақстанның тек саяси-дипломатиялық шешімді жақтайтынын мәлімдеді. Ел келіссөздер үшін бейтарап алаң ұсынуға дайын, алайда тікелей делдал болуды мақсат етпейді.
Сонымен қатар Президент елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаларға тоқталып, суперпрезиденттік жүйеден теңгерімді президенттік республикаға көшу жүзеге асқанын айтты. Адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты құндылығы ретінде айқындалған.
Сұхбат соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашақ даму бағытына тоқталып, әділетті, қауіпсіз, цифрлық және бәсекеге қабілетті мемлекет құруды көздейтінін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика мәртебесін сақтап отыр, ал басты мақсат – азаматтардың өмір сапасын арттыру.





