Көксу ауданында дәстүрге айналған қазақ күресінен «Көксу барысы – 2026» турнирі мәресіне жетті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Балпық би ауылындағы заманауи дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде өткен дүбірлі бәсекеде өңірдің ең мықты спортшылары өзара күш сынасты. Аталған жарыс аудан әкімінің жүлдесі үшін ұйымдастырылып, бұқаралық спортты дамыту мен ұлттық өнерді ұлықтауды мақсат етті.
Сайыстың ашылу салтанатында Көксу ауданының әкімі Дәулет Кенжеханұлы сөз сөйлеп, боз кілем шеберлеріне сәттілік пен әділ бәсеке тіледі. Сондай-ақ Жетісу облысы бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу спорт клубының басшысы Арман Тайбагаров қатысушыларды құттықтаса, аудандық Ақсақалдар алқасының төрағасы Сайлаубай Бәзілұлы спортшыларға ақ батасын берді.
Спорттық додаға ауданның 10 ауылдық округінен іріктелген 20 үміткер қатысты. Боз кілемдегі белдесулер өте тартысты өтті. Палуандардың дайындық деңгейі жоғары екені байқалды: әрбір кездесуде әдіс-тәсілдер шебер қолданылып, жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлады.
Шиеленісті өткен белдесулердің қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді:
-
І орын – Арқалық Баймұхан;
-
ІІ орын – Тамирлан Қабдырахманов;
-
ІІІ орын – Диас Рақыш.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудан әкімінің арнайы бағалы сыйлықтары, кубоктар мен грамоталар салтанатты түрде табыс етілді.
Бұл турнирдің басты ерекшелігі – бірінші және екінші орын алған Арқалық Баймұхан мен Тамирлан Қабдырахманов облыстық «Жетісу Барысы» турниріне тікелей жолдама алды. Енді олар облыстық кезеңде Көксу ауданының намысын қорғайды.
Ұлттық спорт – елдің рухын көтеретін, жастарды отансүйгіштікке баулитын маңызды сала. Көксуда өткен шара салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор үлес қосады. Сіз де ұлттық спортты қолдап, ауыл палуандарына жанкүйер болыңыз! Облыстық додада бақ сынайтын спортшыларымызға бірге жанкүйер болайық.





