Бүгін Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында XXV Қысқы Олимпиада ойындарының ресми ашылу салтанаты өтеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Салтанатты рәсім Миландағы әйгілі «Сан-Сиро» стадионында Қазақстан уақыты бойынша түнгі сағат 23:50-де басталады. Биылғы Олимпиаданың ашылуы «Гармония» (Үйлесімділік) деп аталады және оған әлемге әйгілі әншілер Андреа Бочелли мен Лаура Паузини қатысады деп жоспарланған. Қазақстан туын шорт-тректен әлем кубогының жеңімпазы Денис Никиша мен фристайлшы Аяулым Әмренова ұстап шығады.
Ашылу салтанатына дейін бүгін бірнеше спорт түрінен іріктеу жарыстары басталып кетті. Атап айтқанда:
-
Мәнерлеп сырғанау: Командалық жарыстар (ритм-би, жұптық және әйелдер арасындағы қысқа бағдарлама);
-
Керлинг: Аралас жұптар арасындағы топтық кезең (Италия – Швейцария, АҚШ – Канада және т.б.);
-
Әйелдер хоккейі: Франция – Жапония және Чехия – Швейцария кездесулері.
Қазақстандық спортшылар негізгі жарыс жолына ертең, 7 ақпаннан бастап шығады. Алғашқы болып шаңғы жарысынан әйелдер арасындағы скиатлон (17:00-де) және конькимен 3000 метрге жүгіруден (20:00-де) отандастарымыз бақ сынайды. Биыл еліміздің намысын спорттың 10 түрінен 36 атлет қорғайды.
Олимпиада ойындарын Қазақстан аумағында «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар» және «Jibek Joly» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Төрт жылда бір келетін ақ Олимпиадада жерлестерімізге сәттілік тілейміз!





