Жаңа Конституцияның жобасын оқып шықтым. Құжатта әрбір азаматтың құқығы мен қадір-қасиетін қорғау басты орынға қойылған құжатта адамның ар-намысы, теңдігі, әлеуметтік жағынан қорғалуы туралы баптардың күшейтілуі ертеңгі күнге сенім ұялатады.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыру, білім алу, еңбек ету, медициналық көмекке тең қол жеткізу Конституциямен нақтыланғаны көңілге қуаныш сыйлайды.
Бүгінгідей алмағайып заманда құқығымызды біліп, күмәнсіз өмір сүрудің өзі бақыт. Таңдаған мамандығымызды меңгеріп, көңіліміз қалаған жұмысымызды істеп, қайғысыз-мұңсыз жүргеніміз ел тыныштығының арқасы. Елімізде осы күнге дейін де барлық адамның тең дәрежеде өмір сүруіне барынша жағдай жасалып келеді. Өзім кәсіппен шұғылданамын. «Асар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін аштым. Онда мүмкіншілігі шектеулі адамдардың денсаулығын түзеуіне барынша көмек көрсетеміз. Кәсібімнің өркендеуіне облыстық әкімдік қолдау білдіріп, грант алуыма септігін тигізді. Бүгінде серіктестікте 40 шақты адам жұмыспен қамтылған. Жылына 400-ден аса адам бізден ем алады. Бұрын шетелге барып емделетін адамдар бүгінде өзімізде жаттығады. Бізде барлық заманауи аппарат бар.
Соңғы жылдары «Асар» серіктестігінің жанынан үйде емделетін адамдарға арнайы барып ем-шара жасайтын бригада құрылды. Топтың құрамында екі бапкер, массаж жасаушы және емдік дене шынықтырушы бар. Олар төсек тартып жатқан және жұмыс бабымен спортзалға бара алмайтын адамдарға көмек көрсетеді. Мүмкіндігі шектеулі адамдар алдағы уақытта да қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінуі тиіс.
Жаңа Конституция жобасында әрбір қазақстандықтың еркін, өз қалауымен өмір сүретіндігі жайлы ұстаным өмірімізге серпін берді. Егер заңда жазылған тармақтар әділ орындалса онда еліміз өркендеп, алға қарыштап жылжитынына сенім мол.
Басты байлық – адамның денсаулығы мен құқығы екені жобада ашық айтылған. Бұл өзгерістерді қолдаймын. Себебі Конституция – әрбір азаматтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін тірек құжат.
Елдос БАЯЛЫШБАЕВ,
«АСАР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы





