Ақмола облысында зейнеткер инвестициялық жоба жарнамасына алданып, алаяқтарға 10 миллион теңгеден астам қаражат аударған.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы sinegor.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қосшы қаласында тұратын әйел интернеттен тез және көп табыс табуға болатыны жайлы ұсынысты көріп, оған сеніп қалған. Бастапқыда ұсыныс бір қарағанда ұтымды көрінген, алайда бәрі классикалық алаяқтық сценарий бойынша өрбіген. Зейнеткер «кеңесшілердің» нұсқауымен көрсетілген шоттарға 10 миллион теңгеден астам ақша аударған.
Алаяқтар бірнеше ай бойы байланысын үзбей, инвестицияның жұмыс істеп, пайда әкеліп жатқанын сендірген. Әйелге жеке кабинеттегі скриншоттарды жіберіп, онда «табыс» мөлшері 20 миллион долларға жеткен деп көрсеткен.
Қаражатты алу туралы айтылған сәттен бастап қиындықтар басталған. Алдымен комиссия, кейін салық төлеу керегі, одан соң шотты активтендіру қажет екені айтылған. Әр жаңа төлемнен кейін алаяқтар «ақша жақында түседі» деп алдаған.
Соңында зейнеткер платформаның «қауіпсіздік қызметіне» хабарласқанда операцияның «Лондон Банкі» арқылы тоқтатылғаны айтылған. Сол кезде әйел алаяқтық құрбаны болғанын түсінген.
Ол құқық қорғау органдарына жүгініп, алаяқтық схеманы растайтын хаттар мен скриншоттарды тапсырған. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде: қатысы бар тұлғалар мен қаражат қозғалысының жолдары анықталуда.
Полиция үлкен табысты уәде ететін «халықаралық банктер» интернет-алаяқтардың сүйікті құралы екенін ескертеді. Тәртіп сақшылары белгісіз шоттарға ақша аудармауды және ақпаратты әрдайым тексеруді ұсынады.




