Қыстағы ауа райының қолайсыздығы тәжірибелі жүргізушілер үшін де үлкен сынақ. «Алматы – Өскемен» автожолының 611-шақырымында қарлы боран салдарынан қауіпті жағдай орын алып, жолаушылар жол ортасында тұрып қалды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Абай облысынан Үшарал қаласына бағыт алған сегіз көлік (жеті кроссовер және бір жеңіл автокөлік) қалың қардың астында қалды. Ішінде 12 адамы бар көліктер тобы қар үйінділерінен өз бетімен шыға алмай, үскірік аязда көмек күтуге мәжбүр болған.
Қар құрсауында қалған жандарға патрульдік полиция батальонының қызметкерлері көмекке келді. Полиция аға лейтенанттары Еркін Ұлдаханов пен Ерсін Оңалбай оқиға орнына шұғыл жетіп, құтқаруға кірісті. Тәртіп сақшылары техниканың келуін күтпестен, күрекпен қар үйінділерін аршып, жол ашуға кіріскен. Қатты аяз бен соққан үскірік желге қарамастан, полицейлер барлық сегіз көлік толық босатылғанша жұмыс істеді. Құтқарылған 12 адам қауіпсіз аймаққа жеткізіліп, сапарларын аман-есен жалғастыруға мүмкіндік алды.
Патрульдік полиция қызметкерлерінің айтуынша, бұл әрекет олар үшін жай ғана міндет емес, азаматтық парыз.
«Жол үстінде саналуан қиындық кездеседі. Адам қауіпті жағдайға тап болса, біздің міндет – оның жолын аман-есен жалғастыруы үшін бар күшімізді салу», – дейді аға лейтенанттар.
Аталған оқиға полиция қызметінің тек тәртіп күзетінде ғана емес, қиын сәтте халықтың сенімді тірегі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жол сақшыларының қажырлы еңбегінің арқасында адам өміріне төнген қауіп сейілді.
Мамандар ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілерге алыс сапарға шықпас бұрын жол жағдайын нақтылап, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.




