Талдықорған қаласында тағы бір еңселі ғибадат үйі бой көтерді. «Бәйтерек» мешітінің ашылуы – Жетісу жұртшылығы үшін айтулы рухани оқиға. Бұл – Жетісу облысы бойынша 218-ші, ал облыс орталығы бойынша 10-шы мешіт.
Салтанатты рәсімде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Жетісу облысындағы өкіл имамы Керімбек Сәрсембайұлы мешіт салудың шариғаттағы орнына тоқталып, Қасиетті Құран аяттарымен негізделген тағылымды ой айтты.
– «Мешітті кімдер салады?» деген сауалға Алла Тағала Құран Кәрімнің Тәубе сүресі, 18-аятында: «Аллаға иман келтіріп, қияметке сенген және намазын оқып, зекетін берген жандар ғана» мешітті салады деген екен. Демек, мешіт тұрғызу – иманның беріктігін танытатын, сауапты әрі жауапты іс, – деді бас имам.
Имам өз сөзінде мешіт атауына да арнайы тоқталды. Оның айтуынша, «Бәйтерек» атауы – терең рухани-танымдық мәнге ие ұғым. Қазақ дүниетанымында бәйтерек – тамыры тереңге кеткен, діңі мықты, ұрпақ сабақтастығын білдіретін киелі бейне. Халық ұғымында ата-ана – әулеттің бәйтерегі. Сондықтан бұл мешіт әке аманатын орындау, ата-анаға құрмет көрсету ниетінен туындап, «Бәйтерек» деп аталған. Ғибадат үйінің салынуына мұрындық болған Айдын есімді азаматтың перзенттік парызды өтеуді мақсат етуі, сауапты істің шынайы ықыласпен атқарылғанының айғағы.
Ислам шариғатында мешіт салу – садақа жәрияның бір түрі. Яғни адам дүниеден өткеннен кейін де сауабы жалғасатын амал. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім жер бетінде мешіт тұрғызса, Алла Тағала ол пендесіне жәннаттан орын дайындайды» деген хадис жеткізген. Бұл, әрине, мұсылман үшін үлкен үміт пен жауапкершілік жүктейтін насихат.
Бүгінде Талдықорған қаласында мешіт санының артуы – өңірдегі рухани серпілістің көрінісі. Мешіт – тек намаз оқитын орыннан бөлек, діни ағарту, имани тәрбие, уағыз-насихат жүргізілетін руханият ордасы. Мұнда бес уақыт намаз бен жұма құлшылығы атқарылып, Құран дәрістері мен діни сауат ашу сабақтары ұйымдастырылады.
«Бәйтерек» мешіті – сәулетті ғимараттан бөлек, имандылықтың темірқазығы болуға тиіс. Оның есігі барша жамағатқа айқара ашық. Бұл – жүректерді жұмсартып, қоғамды ізгілікке үндейтін қасиетті мекен.
Алланың ақ үйлері көбейіп, елдің рухани іргесі берік болғай.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





