Балпық би ауылында ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша жиналыс өтіп, өңірдегі аграрлық саланың қазіргі ахуалы, қолдау тетіктері және өндірістік бағыттардың өзекті мәселелері кеңінен қаралды. Талдықорған мен Текелі қаласы, Ескелді, Көксу, Қаратал, Кербұлақ, Панфилов аудандарының шаруалары қатысқан кездесу аясында сала мамандары фермерлермен ашық форматта пікір алмасып, сұрақтарға жауап берді.
Жиналысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев ашып, ауыл шаруашылығы бойынша бірқатар көрсеткіштің төмендеуін сынға алды. Ол аталған сала бойынша өңірдің әлеуеті жоғары екенін айта отырып, нақты нәтижеге жұмыс істеу, өнімділік пен тиімділікті арттыру, мемлекеттік қолдау шараларын жергілікті жерде сапалы орындау қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге саладағы мәселелерді жасырмай айту және кері байланысты жүйелеу жиналыстың басты мақсаты екенін жеткізді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев өз баяндамасында алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарының ауқымын түсіндірді. Ол жоспардың негізгі бағыттары ретінде егіншілік пен мал шаруашылығын қолдау, өндірістік кооперацияны күшейту, субсидия мен сервистік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, сондайақ, ауылдағы кәсіпкерлікті жандандыру секілді міндеттерді атады. Басқарма басшысы ұсыныстардың барлығы нақты орындаушы, мерзім және нәтиже көрсеткішімен байланыстырылатынын айтып, шаруалар көтерген мәселелерді жеке бақылауға алу тетіктері қарастырылатынын жеткізді.
Су ресурстары бойынша «ҚазСуШар» РМК облыстық филиалының директоры Медет Керімжанов суару жүйелері, инфрақұрылымның жайкүйі және су пайдалану тәртібі туралы түсінік берді. Ол су тапшылығы тәуекелдері артқан кезеңде суды үнемді пайдалану, жоспарлау және суару желілерін жаңғырту бағытындағы жұмыстардың өзектілігін айтты.
Өңір үшін маңызды өндірістік тақырыптардың бірі – қант қызылшасы мен өңдеу саласына байланысты «Көксу қант зауыты» ЖШС директоры Алтынбек Абатов кәсіпорынның жұмыс барысы туралы ақпарат берді. Ол шикізатпен қамту, қабылдауөңдеу үдерісі және шаруалармен өзара байланыс мәселелеріне тоқталып, саладағы тұрақтылық үшін келісімшарт тәртібі мен жоспарлы жеткізілімнің маңызын атап өтті.
Агросақтандыру мәселесіне тоқталған «Agroinsurance» ЖШС, қаржыландыру бағытында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, Салық және мемлекеттік қызметтер мәселесі бойынша облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасының мамандары баяндама оқыса, ауыл кәсіпкерлеріне арналған несие өнімдері, өтінім беру тәртібі және қолдау құралдарының мүмкіндіктері туралы тиісті сала мамандары түсіндірді. Олар ауа райының қолайсыздығы, табиғи апаттар және өндірістік тәуекелдер жағдайында шаруашылықтарды қорғаудың тәсілдері, сақтандыру өнімдерінің түрлері мен рәсімдеу тәртібі жайлы түсінік берді. Өнім өндірудің сапасын арттыру, мал тұқымын асылдандыру жұмыстары, ветеринариялық қауіпсіздік және өндірістің тиімділігін көтеру бағытында жүргізіліп жатқан саясат пен қолдау тетіктеріне қатысты тәжірибесімен бөлісті. Сондайақ, саладағы мәселелерді шешу үшін өңірлік ерекшелікті ескерудің маңыздылығы айтылды.
Соңында шаруалар тарапынан бірқатар нақты ұсыныс пен сұрақ айтылды. Көше жолын реттеу, «Кең дала2» бағдарламасының кемшін тұстарын түзету, сапалы тұқымға қол жеткізуге жол ашу, өндірілген өнімді өткізуге (сатуға) қолдау көрсету мәселелері талқыланды. Тиісті сала мамандары көтерілген сұрақтарға жауап беріп, бірқатар мәселеге қатысты түсіндіру жұмысын жүргізді және ұсыныстардың назарға алынатынын жеткізді.
Қажет АНДАС





