Заман ағымын зулаған көлік құралынсыз елестету әсте мүмкін емес. Бірақ кейінгі кезде сол «темір тұлпардың» салдарынан апатта жиілеп барады. Жол қозғалысы ережелеріне қатысты тиісті заңдарды қатаңдатқанымызбен, әзірге оның алдын алуға адамның шамасы жетер емес.
2024 жылы 2 айда 46, былтыр 100-ден астам жол-көлік оқиғасы орын алса, биыл қаңтар айының өзінде ғана облыс аумағында 59 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Облыстық полиция департаменті аймақта тіркелген жол-көлік оқиғасы саны артқанын айтып дабыл қағуда. Көлік апатының күнделікті өсуіне байланысты, сондай-ақ, жүргізушілер арасында көліктік тәртіпті жақсарту және жол ережелерін бұзудың алдын алу үшін жүйелі ақпараттық-профилактикалық жұмыс жүргізілуде.
23-25 қаңтар аралығында облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліпті. Алдағы уақытта жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бойынша нақты жоспар да бекітілген. Бүгінде интеллектуалды «ақылды» жаяу жүргінші өткелдерін орнату үшін тиісті учаскелер айқындалуда. Бұл ретте жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін орындарға, сондай-ақ, жаяу жүргіншілер қозғалысы көп болатын аймақтарға, оның ішінде, білім беру ұйымдарының маңына басымдық берілмек. Аймақта 35 интеллектуалды «ақылды» жаяу жүргінші өткелін орнату көзделген. Аталған өткелдер заманауи жарықтандыру жүйелерімен, ескерту жол белгілерімен және қозғалысты автоматты түрде реттейтін интеллектуалды технологиялармен жабдықталады. Тек автокөліктер ғана емес, электр көлік құралдары да қатаң бақылауда.
Қайғылы жағдайды азайту үшін заң бұзушылықтарды анықтайтын бейнебақылау камералар көбейтіліп, заң күшейтіліп жатыр. Бірақ жол-көлік қозғалысын бақылау тек құқық қорғау органдарының міндеті деп бар мәселені жүктеп қоюға да болмайды. «Темір тұлпар» тізгіндеген әр адам өзінің және өзгенің өміріне жауапты екенін жадынан шығармағаны абзал.
Айдар ҚАЛИЕВ





