Цифрлық технология дамыған сайын, қылмыс та түрленіп барады. Интернетті игі мақсаттардан бөлек, арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін пайдаланатындар да көп. Қазір алаяқтық қылмыстың көпшілігі интернет арқылы жасалады. Ең сорақысы, елді қарусыз тонап жүргендердің біразы құйрығымен ізін жапқан түлкідей сытылып кетуде.
Жетісу облысы бойынша қаңтар айының өзінде 38 адам интернет алаяқтардың арбауына түскен. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 26,7 пайызға өскен. Алаяқтар банктік ақпаратқа қол жеткізу үшін азаматтардың қажетті жеке мәліметтерін алудың түрлі тәсілдерін қолданған.
Интернет алаяқтар көбіне адамдарға несие рәсімделгені туралы айтып, банк картасы бойынша мәліметтерді, карточка нөмірін, банк картасының артқы жағында орналасқан CV кодын айтуды сұрайды. Сонымен қатар, WhatsApp мессенджерімен қоңырау шалады. Өйткені WhatsApp қоңырауларын бақылау өте қиын. Интернет алаяқтық «Колеса», «Крыша», «OLX» интернет-сайттарын пайдалану арқылы да жасалады. «Инстаграмм», «Телеграмм», «Фейсбук», «ВКонтакте» сияқты әлеуметтік желілер арқылы мүлікті сату туралы хабарландыруды жариялау кезінде де абай болыңыздар. Алаяқтар көбінесе қымбат заттарды өте арзан бағамен сататынын жариялап жұртшылықты арбауына түсіреді.
Қазіргі уақытта қылмыстың алдын алу үшін түрлі шаралар атқарылуда. Интернет алаяқтардың құрбаны болмас үшін ІІМ ұсынған мына ескертпелерге аса мән беріңіздер.
Аударымдар туралы түбіртектерді, тіпті банк, полиция қызметкерлері екенін айтқан тұлғаларға кодтар мен кодтық сөздерді ешкімге айтпаңыз. Жеке деректерді белгісіз және тексерілмеген сайттарға салмаңыз. Тексерусіз алдын ала төлем жүргізбеңіз. Тауарды алғаннан кейін ғана ақшасын төлеуге тырысыңыз. Мұндай қызметтер мәселен «Қазпошта»-мен көрсетіледі. Күмәнді мәмілелер бойынша аударымдарды жүзеге асырмаңыз, ашық кіріс көзінсіз қаржылық схемалардан сақ болыңыз. Қолданбаларды орнату үшін тек ресми App Store, Play Market және т.б. пайдаланыңыз. Интернет жүйесі арқылы келген сілтеме бойынша өткен кезде мекенжай жолына, яғни доменнің дұрыстығына, акция жүргізетін ұйымның не компанияның ресми атауындағы артық символдарға назар аудару керек. Банкинг қызметтеріне қолжетімділік беретін құпия сөздерді үнемі өзгертіп отырыңыз.
Мамандар әр адам цифрлық сауаттылығын арттырмайынша, интернет алаяқтықтың азаймайтынын айтып дабыл қағуда. Сондықтан аяғына су жұқпас қудан алдын ала сақтаныңыз. Егер келеңсіз жағдайға тап болсаңыз, 102 нөміріне қоңырау шалыңыз.
Айдар Қалиев





