Италияның Милан қаласында өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында шорт-тректен ерлер арасында 500 метр қашықтықта іріктеу кезеңі аяқталды. Қазақстандық спортшы Абзал Әжғалиев өзінің бірегей финишімен әлемдік БАҚ пен жанкүйерлердің назарын аударды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengri Sport сайтына сілтеме жасап.
Жарыс жолының басым бөлігінде соңғы орында келе жатқан Абзал Әжғалиев соңғы айналымда қарсыластарының қателігін сәтті пайдаланып, алға суырылып шықты. Мәре сызығында отандасымыз бен италиялық Пьетро Сигель қатар келді. Тіпті Сигель мәрені теріс қарап (артымен) қиып өткеніне қарамастан, фотофиниш жеңісті қазақстандық спортшыға берді.
Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) баспасөз қызметі бұл сәтті «ерекше финиш» деп бағалап, әлеуметтік желілерде видео жариялады. Бірнеше сағат ішінде бұл бейнеролик 677 мыңнан астам қаралым жинап, әлемдік жанкүйерлердің таңданысын тудырды. Оқырмандар мұны «Наскар» жарысының финалына теңеп, спортшымыздың ептілігіне тәнті болды.
Аталмыш қашықтықта Қазақстан намысын тек Абзал ғана емес, сонымен қатар Денис Никиша да қорғап жатыр. Ол өз тобында үшінші орын алғанымен, көрсеткен уақыт көрсеткіші бойынша келесі кезеңге өтуге мүмкіндік алды. Енді екі спортшымыз да 1/4 финалда өнер көрсетеді.
Жарыс кестесіне сәйкес, ширек финал, жартылай финал және финалдық бәсекелер 19 ақпанға қараған түні өтеді.





