Жаңалыққа жаны құмар жаркенттіктер заманауи технология төңкерісіне үн қосып, сұйытылған табиғи газ бен күн нұры арқылы электр қуатын беретін батареялар стансысын үндестіріп, арзан қуат көзін өндіретін зауыттар сала бастады.
Жаңа жоба өңірдегі өндіріс орындары мен тұрғындарды қосымша электр қуатымен қамтамасыз етіп, көптеген жұмыс орынын ашпақ. Бұл жаңалық соңғы жылдары ауданның озық технологиялары топтасқан өңірге айналғанын аңғартады. Мұндағы «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында осы күнге дейін салынып, жұмыс істеп жатқан зауыт, фабрикаларға қосымша екі индустриялық-инновациялық жобалар жүзеге аспақ. Күн энергиясы арқылы 20 МВт электр қуатын беретін стансы мен табиғи газды сұйылтатын зауыт құрылысын іске қосу арқылы өңірдегі электр қуатына деген тапшылық пен бағаны төмендету еңсерілмек.
– Қазір жалпы аумағы 40 гектар жерді алып жатқан жаңа қуат көзіне арналған стансы құрылысы басталды. Онда жоғары технологиялық үлгідегі күн батареялары орнатылуда. Жобалау жұмыстарын «Jetysu terra power» компаниясы атқарды. Бұл қолданылып жүрген қарапайым стансы емес, әлемдік жетістіктермен жарақтанған қондырғылар, – дейді болашақ кәсіпорын жетекшісі Серікбай Көбелеков.
Фотоэлектрлік қондырғы жүйесі сапасы жоғары жарық береді. Термотөзімділікпен өңделген әйнектерден жасалған панельдер шыдамды әрі экологиялық стандарттарға сай. Нысанды іске қосу наурыз айының соңында жүзеге асырылады. Электр қуатына тапшылықты сезіне бастаған арнайы экономикалық аймақтағы өндіріс орындарын қамтамасыз етуге сенімділікті арттырумен қатар, жергілікті энергетикалық нарықтағы ортада бәсекені жоғарылатады. Оның электр қуатын арзандата түсуге сеп болары сөзсіз.
Салынып жатқан табиғи газды сұйылтатын зауыттың да стратегиялық маңызы зор. Ол өзіне қажет табиғи газды аудан аумағынан өтетін табиғи газ құбырынан алып, бастауында бірден сұйылтатын болады. Зауыттың сұйытылған газ өңдеу қуаты жылына 1 миллион текше метрді қамтымақ. Өндіріс орнына қажет 387 гектар жер жаңа кәсіпорынға бөлініп берілді. Мамандар зауыт іргетасы мен конструцияларын орната бастады.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы





