Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына орай Жансүгіров ауылында тағылымды кездесу ұйымдастырылып, ардагерлерге құрмет көрсетілді. Жиын – ерлік пен елдік рухын ұлықтаған, бейбіт күннің қадірін ұғындырған маңызды шара болды.
Алдымен аудандық қорғаныс бөлімінің ауласындағы Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Жиналған жұртшылық елге оралмай, жат жерде қыршын кеткен боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұл үнсіздік – жүректегі алғыс пен мәңгілік тағзымның белгісі еді. Одан кейін марқұм болған сарбаздардың рухына Құран бағышталды.
Ардагерлермен кездесу өткізу – халқымыздың батырларға деген құрметін білдіретін, ұрпақ санасына ел қорғаған ерлердің есімін сіңіретін тағылымды дәстүр. Кездесу әрі қарай Ақын Сара атындағы Мәдениет үйі ғимаратында жалғасты. Мұнда Ауған соғысы ардагерлерін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Айтбайұлы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ғабит Мұсабаланов және «AMANAT» партиясы Ақсу аудандық филиалының төрағасы Алма Жанатбекқызы ардагерлерді құттықтап, бейбіт өмірдің бағасын білу – бүгінгі ұрпақтың парызы екенін атап өтті. Шара барысында ардагерлер отты жылдардың естеліктерімен бөлісіп, қиын-қыстау кезеңдегі сарбаздық достық, Отан алдындағы борыш, төзім мен табандылық жайлы сыр шертті. Олардың әңгімесі жастарға ерліктің мәнін, бірліктің құнын түсіндірген тағылымды сабаққа айналды. Сонымен қатар мәдениет қызметкерлері ардагерлерге арнап патриоттық әндер орындап, әсерлі қойылымдар ұсынды. Әрбір ән мен жүрекжарды сөз жиынның мазмұнын байытып, қатысушылардың көңілін толқытты. Тағылымды кездесудің басты мақсаты – Ауған соғысының тарихи сабағын ұмытпау, ел қорғаған ерлерге құрмет көрсету және жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу.
Ерлік – ұмытылмайды, батырлық – бағалануы тиіс. Осындай шаралар арқылы бейбіт күннің бағасы артып, елдік рух нығая түседі.
Мағжан ШЫНДӘУЛЕТ
Ақсу ауданы





