Қазақстан ұлттық құрамасының және «Хартс» командасының жартылай қорғаушысы Ислам Чесноков Шотландия чемпионатындағы өзінің алғашқы голын салды. «Фалкирк» командасына қарсы өткен матч 1:0 есебімен аяқталды,- деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Шотландия премьер-лигасының 28 тур ойындары аясында «Хартс» командасы «Фалкирк» командасын қабылдап, 1:0 есебімен жеңді. Жеңіс голын 45 минутта қазақстандық вингер Ислам Чесноков салды.
– Бұл сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Мен дәл осындай атмосфереда ойнауды армандадым, гол салғым келетін. Бүгін маңызды ұпайды алып, чемпионаттағы мықты қарсыластырдың бірін жеңдік. Жоспарымызды жүзеге асырғанымызға қуаныштымыз, – дейді ойыннан кейін Ислам Чесноков.
Ислам «Хартс» командасында биыл қаңтардың басында қосылған болатын. Содан бері 4 матчқа қатысты. Бір қызығы, Исламның дебюттік ойыны Шотландия кубогының 1/16 финалында «Фалкирк» командасына (ол кезде «Хартс» 1:2 есебімен жеңілді) қарсы болған. Ал бүгін дебюттік голын «Фалкирк» қақпасына салды.
Белгілі комментатор, спорт журналисі, футболдың есеп-қисабын жүргізіп, статистикасын түзіп отыратын Есей Жеңісұлы: – Қазақ футболының түлектері осымен Еуропаның (он бесінші) лигасында кемінде 1 рет мергендік танытты. Отандастарымыз бұған дейін Армения, Беларусь, Бельгия, Дания, Израиль, Кипр, Латвия, Литва, Нидерланды, Польша, Ресей, Словакия, Словения және Түркия жоғары лигаларында доп соқты. Екі лигада көзге түскен отандастарымыз: В.Нидергаус (Ресей және Израиль), Г.Жуков (Нидерланды және Бельгия), С.Хижниченко (Беларусь және Польша), Р.Оразов (Словения және Дания). Бұл сапқа жақында А.Әйімбетов қосыла алады. Ол Румынияның «Петролул» командасына ауысты. Абат оған дейін Түркия суперлигасында доп авторы атанған еді,– дейді.
«Хартс» Шотландия премьершипінде 28 ойыннан кейін 60 ұпаймен бірінші орында тұр. Одан кейін «Рейнджерс» (27 ойын, 55 ұпай) пен «Селтик» (26 ойын, 54 ұпай) өкшелеп келеді. «Хартс» күнтізбедегі «Абердин», «Климарнок», «Данди», «Ливингстон» және «Мотеруэлл» командаларына қарсы қалған бес ойында ұпайдан шашау шығармаса араға 66 жыл салып чемпион атанбақ. «Хартс» Шотландия чемпионатында төрт рет 19894/95, 1896/97, 1957/58, 1959/60 жылдары чемпион болған.





