Қазақстанның Ұлттық банкі ақша-кредит саясатының қазіргі жағдайын, соның ішінде базалық мөлшерлемені 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының соңына дейін сақтауды жоспарлап отыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда экономикаға әсер ететін негізгі факторлар – ішкі проинфляциялық тәуекелдер мен квазифискалдық ынталандырудың салдары. Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуі мен жанар-жағармай бағасының қымбаттауы да инфляциялық қысымды арттырып отыр.
Ұлттық банк өкілдері алдағы уақытта салық реформаларына, атап айтқанда ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуіне байланысты тәуекелдер бар екенін атап өтті.
«Салық реформасының іс жүзінде қалай іске асатыны және бизнестің алдағы тоқсандарда бұл өзгерістерге қалай бейімделетінін бақылау өте маңызды», – делінген ресми жауапта.
Экономикаға түсетін қысымды азайту үшін базалық мөлшерлеме 2026 жылдың маусым айының соңына дейін қазіргі деңгейінде қалуы ықтимал. Бұл – банктердің несие беру және депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерін анықтайтын басты құрал.
Ұлттық банктің болжамы бойынша, инфляция деңгейі кезең-кезеңімен төмендемек:
-
2026 жылы: 9,5–12,5 пайыз;
-
2027 жылы: 5,5–7,5 пайыз.
Регулятордың негізгі мақсаты – орта мерзімді перспективада инфляцияны 5 пайыздық нысаналы деңгейге жеткізу. Ол үшін тек пайыздық мөлшерлемені қолдану жеткіліксіз, сондықтан Үкіметпен бірлесіп бюджет шығыстарын бақылау және цифрлық фискалдық мониторингті күшейту шаралары жүргізілуде.
Халықаралық валюта қоры (МВФ) Қазақстан экономикасының «қызып кету» қаупі бар екенін ескертіп, инфляция тәуекелдеріне назар аударуды ұсынған болатын. Ұлттық банк геосаяси шиеленістердің күшеюі де бағаның өсуіне қосымша әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Біз базалық мөлшерлемені автоматты түрде көтеруді емес, тәуекелдер тепе-теңдігі өзгерген жағдайда алдын ала әрекет етуге дайын болуды көздеп отырмыз», – деп түсіндірді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Егер бағаның төмендеу қарқыны баяуласа, ақша-кредит саясатын қосымша қатаңдату мәселесі қаралуы мүмкін.





