Талдықорғанда оқушылар арасында өткен «Жарқын болашақ» олимпиадасы – ел ертеңіне сенім ұялатқан тағылымды дода болды. Зияткерлік жарыс мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп қана қоймай, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруды мақсат етті.
Биыл олимпиадаға 7-11 сыныптардан 106 оқушы қатысып, тек білім деңгейін ғана емес, шығармашылық қарым-қабілетін де паш етті. Байқау 5 бағыт бойынша ұйымдастырылды. «Бейнелеушілер» әдеби туындыларды комикс жанрында сөйлетіп, классиканы заманауи көзқараспен жаңғыртты.
«Білгірлер бәйгесінде» халық ауыз әдебиетінің терең қатпарлары ашылып, мақал-мәтел мен жыр-дастандарға жүйріктер сыналды. «Жас қаламгерлер» еркін ойдың өрісін кеңейтіп, жүректен шыққан сөзді қағазға түсірсе, «Сөз шеберлері» сахна төрінде шешендік өнердің шырайын кіргізді. Ал «Әнші бұлбұлдар» ұлттық өнерді дәріптеп, дәстүрлі әннің мәйегін жеткізді.
Олимпиадаға қатысушылардың бірі Дархан Сәулетханұлы бұл байқаудың өзіндік орны ерекше екенін айтады.
– Өткен жылы 7-сыныпта олимпиадаға «Сөз шеберлері» бағыты бойынша қатысып, ІІ орын алған едім. Бұл жарыстың жөні бөлек. Әрбір қатысушы өз идеясын, сөз сөйлеу мәнерін көрсетіп, даралығын танытады. Мұнда тек білім ғана емес, тұлғалық болмыс та бағаланады, – дейді ол.
Расында «Жарқын болашақ» олимпиадасы жай ғана білім сайысы емес, жас буынның ой еркіндігін, мәдениетін, ұлттық танымын қалыптастыратын рухани алаң. Байқауға өзге ұлт өкілдерінің де белсенді қатысуы – мемлекеттік тілдің біріктіруші күшке айналып келе жатқанының айқын дәлелі.
– Олимпиада 14 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл біз үшін қазақ тілінің деңгейі мен мәртебесін көтеретін маңызды дода. Мектебіміздің базасында өтетін болғандықтан, ерекше мән береміз. Әр жыл сайын қатысушылардың деңгейі өсіп келеді, – дейді Білім-инновация лицейінің директоры Айбек Әшірметов.
Облыстық жарыстың қорытындысы бойынша 10 оқушы республикалық кезеңге жолдама алды. Сонымен қатар 50 оқушы жүлделі орындар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.
«Жарқын болашақ» олимпиадасы жыл өткен сайын жас буынның рухани дамуына серпін беріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын маңызды білім алаңына айналды.
Медет ЖҰМАБАЙ





