2026 жылдың алғашқы екі айының қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің кіріс бөлігі тұрақты орындалып, салықтық түсімдер бойынша жоспар 113,7 пайызға жетті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
1 наурыздағы жағдайға сәйкес, бюджетке 2 трлн 979 млрд теңге қаражат түсті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 677,5 млрд теңгеге немесе 129,4 пайызға өскенін айғақтайды. Мұндай оң динамика негізінен бюджетті құраушы басты салықтар есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығы бойынша өсім 116,9 пайызды құраса, қосылған құн салығы 138,8 пайызға дейін жоғарылады.
Ақпараттық кеңістікте бұған дейін жарияланған кейбір теріс сараптамалық бағалаулар бюджет кірістерінің нақты көрінісін сипаттамайды. Себебі 2025 жылдың төртінші тоқсаны үшін негізгі төлемдерді аудару мерзімі 2026 жылдың 25 ақпанында аяқталды. Дәстүрлі түрде түсімдердің басым бөлігі ақпан айының соңында қалыптасатындықтан, 1 наурызға қарай қосылған құн салығы бойынша нақты түсім 1 трлн 534,5 млрд теңгеге жетіп, жоспардан едәуір асып түсті.
Екі айдың қорытындысы кірістердің тұрақты өсуін растайды және ағымдағы макроэкономикалық жағдайға толық сәйкес келеді. Осылайша, қазынаға түсетін қаржы ағыны ел экономикасының тұрақтылығын көрсетіп отыр.





