Бүгін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының өкілдері Сұлтан Дүйсембинов, Амангелді Есбай, Ғалиасқар Сарыбаев және өңірлік коалиция өкілі Нұрбек Құдайберген Текелі қаласында болып, моноқаланың қоғамдық жұмысшылармен кездесті.
Коалиция өкілдері референдумның ел болашағы үшін маңыздылығы, азаматтық жауапкершілік, құқықтық сауаттылық және белсенділік мәселелерін таразылады.
Бірінші мінберге көтерілген Амангелді Есбай жаңа жобада әділетті қоғам құру қағидаттары айқын көрініс тапқанын атап өтті. Оның айтуынша, отыз жылда әлем өзгерді, қоғам өзгерді. Жаңа сұраныстар, жаңа талаптар, жаңа құндылықтар пайда болды. Кейбір мәселелерді қоғам 30 жыл бұрынғыдай емес, қазір мүлдем басқаша қабылдайды.
Конституция негізінен мемлекет мүддесі мен өкілеттігін қамтыған болса, жаңа Ата Заң ел дамуының адами өлшемін енгізді. Сол үшін адам құқықтары негізгі басымдық ретінде айқындалды. Жаңа Ата заңда «адам» деген сөз қазіргі Конституциямен салыстырғанда 1,5 есе көп қолданылған, яғни, 76 рет аталған. Бұл да жайдан жай емес. Мәселе қайта-қайта аталуында емес, мәселе – көптеген нормаларда адамның мүддесі, адамның құқықтары қамтамасыз етілген, — спикер.
Артынша сөз тізгіндеген Ғалиасқар Сарыбаев жаңартылған Конституцияда еңбекқорлық қоғамның базалық қағидаттарының бірі ретінде бекітіліп, еңбек ету, әділ еңбекақы алу және кемсітушіліктен қорғану құқықтары тікелей конституциялық кепілдікке ие болатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл норма еңбек адамдары үшін айрықша маңызды. Ал Сұлтан Дүйсембинов Конституция мәтінінде алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғауға қатысты нақты нормалар енгізілгенін айтып, жеке деректер мен азаматтық құқықтардың цифрлық кеңістікте қорғалу тетіктері күшейтілетінін жеткізді.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарға тұщымды жауап алып, алдағы тағдыршешті уақытта бей-жай қалмасқа уағдаласты.





