Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде 1С сертификатталған орталығы ашылды. IT саласының білікті мамандарын даярлауға бағытталған заманауи білім беру кабинетін ашу салтанатты түрде ұйымдастырылды. Жаңа орталық колледждің техникалық және кәсіптік білім беруді цифрландыру бағытындағы жүйелі жұмысының бірі.
Оқу орнында құрылған оқыту орталығы студенттерге заманауи бағдарламалық шешімдерді меңгеруге, кәсіби құзыреттерін арттыруға мүмкіндік береді. Білім алушылар енді тек теориялық біліммен шектелмей, 1С бағдарламалық өнімдерін қолдана отырып, нақты өндірістік кейстерді орындау арқылы тәжірибелік машықтарын шыңдай алады. Бұл еңбек нарығында сұранысқа ие маман болып қалыптасудың маңызды алғы шарты.
1С Қазақстан оқу орталығының жетекшісі Ғалия Керейбаева:
– Біздің стратегиялық бағыттардың бірі – 1С пайдаланушыларына, бағдарламашыларға және IT мамандарына кәсіби кадрлар даярлау. Осы мақсатта колледж оқытушылары арнайы аттестациядан өткен. Жаңа ашылған кабинет республика бойынша он екінші орталық. Бұл оқу орнынан алдағы уақытта білікті мамандар легі шығады деген сенім зор, – дейді ол.
Сертификатталған орталықтың оқытушылары аталған компанияның ресми оқу-әдістемелік материалдарымен қамтамасыз етілген және заманауи трендтер мен инновацияларға сай біліктіліктерін тұрақты түрде арттырып отырады. Ал студенттер халықаралық стандарттарға сәйкес сертификат алу мүмкіндігіне ие болды.
– Жаңа кабинеттің ашылуы жастар үшін үлкен мүмкіндік. Бүгінде 1С бағдарламасын меңгерген мамандарға түрлі ұйымдарда сұраныс жоғары. Сондықтан бұл бастама болашақта IT және бизнес саласында табысты мансап құруға берік негіз қалайды, – дейді колледж студенті Наталья Шальнева.
Жобаның жүзеге асуы колледждің инновациялық даму стратегиясының маңызды бөлігі, уақыт талабына сай кәсіби кадрлар даярлауға бағытталған нақты қадам. Цифрлық дәуірде білім мен тәжірибені ұштастыра білген жас маман ғана бәсекеге қабілетті болмақ.
Медет ЖҰМАБАЙ





