Теміржол – адам өмірі үшін аса қауіпті аймақтардың бірі. Көп жағдайда тұрғындар жолдан өту ережесін сақтамай, рұқсат етілмеген жерлерден кесіп өтеді. Сондай-ақ, қараусыз қалған малдың теміржолға шығып кетуі де түрлі апатқа себеп болуда.
Соңғы жылдары Үштөбе жол дистанциясы аумағында пойыз қозғалысына кедергі келтірген 96-дан аса оқиға тіркеліп отыр. Оның ішінде адам мен жануарлардың жарақаттануы немесе қаза табуы сияқты қайғылы жағдайлар да бар.
Теміржол қызметкерлері тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Теміржолға шығу тек арнайы белгіленген өткелдер мен жаяу жүргінші жолдарынан рұқсат етіледі. Пойыздың тоқтауы бірнеше жүз метрге дейін созылатынын ескеруді сұрайды.
Қожалық иелері малдарын теміржол маңына жібермей, қора мен қоршауда ұстауы тиіс. Малдың теміржолға шығуы пойыз қозғалысына кедергі жасап, техникалық жабдыққа зақым келтіруі мүмкін.
Сонымен қатар бөгде адамдардың, әсіресе балалардың теміржолдың белгіленбеген жерінен өтіп кетпек болған әрекеттері де орын алып отыр. Сол себепті осы айтылған мәселелерге сәйкес теміржол бойында орналасқан тұрғындардың назарына, пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін сақтауда көмек көрсетіп, оқыс оқиғалардың алдын алуға баршамыз атсалысайық. Бала-шаға мен ересектерге жол ережесін сақтау өте маңызды. Жол бойында абай болу, белгілер мен ескертулерге құлақ асу, балаларға қауіпсіздік ережесін үйрету – әрқайсымыздың басты міндетіміз.
Теміржолдан өту үшін өтпе көпірлерін, жүргіншілерге арналған өткелдерді пайдаланыңыздар, белгілерге назар салыңыздар, берілген дыбыстық сигналдарды тыңдаңыздар. Бір сәттік абайсыздық апатқа немесе қайғылы жағдайға душар етуі мүмкін. Әрқашан қауіпсіздік ережесін есте сақтаңыз!
Асхат БАЙТУЛАҚОВ,
«Қазақстан теміржолы» ҰК АҚ филиалы «Алматы
магистральдық желі бөлімшесі»Үштөбе жол дистанциясы
бастығының орынбасары





