Өмір өтіп, уақыт озған сайын адам мінезі де, қарым-қатынастың қадірі де өзгеріп барады. Бір кездері үлкендер «досыңа адал бол», «серігіңді сатпа» деп жиі айтып отыратын. «Босқа бергенше, досқа бер» дейтін дана сөздердің мәні бүгінде жоғалып бара жатқандай.
Кешегілер бірге өскендерді «бала күнгі дос», қатар жүргендерді «үзеңгі жолдас» деп өмірдің талай белесін бірге еңсергендерді атайтын. Ал қазір қым-қуыт тіршілікпен сол жолдастардың табиғаты басқа арнаға бұрылып кеткендей. Бүгінгі таңда пайдасы өткенше қасыңнан шықпайтын, бірақ қиындық туған сәтте ғайып болатындар көбейгені жасырын емес.
Ең қызығы, кезінде тай-құлындай тебісіп өскен, бірге күлген, бірге жылаған жандардың арасындағы жылылықтың да сирей бастауы. Неге алыстадық? Неге бала шақтағыдай ақкөңіл, шынайы сырласа алмайтын болдық?! Тәулігіне тапжылмай көретін қолымыздағы телефонмен бір рет достарға хабарласпайтын болдық. Бір рет хәл-жағдайын сұрауға намыс жібермейтіндей жағдайға жеттік.
Бәлкім, себеп заманның жылдамдығында болуы мүмкін. Өйткені, қоғам қазір бәсеке мен пайдаға бейімделіп кеткен. Көбі рухани жақындықты материалдық өлшеммен салыстырып, адами құндылықты кейінге ысырады. Еркін әңгіме, ашық ықылас, риясыз көңіл бұрынғыдай бағаланбай қалғандай.
Бір кездері ішкі сырын сеніп тапсыратын адам азайған сайын қоғамдағы салқындық та күшейе түседі. Әркім өз әлеміне қамалып, бір-біріне бұрынғыдай қолдау көрсете бермейді. Ал соның нәтижесінде адамдық қарым-қатынас әлсіреп, жүректі мұз басады.
Негізінде, өмірдің шынайы құндылығы – жанашырлықта, адал ниетте, кіршіксіз көңілде. Бала кездегі бейқам, шынайы ықылас пен өзара сыйластықты қайта тірілту – бүгінгі қоғам үшін аса маңызды. Өйткені адамға рухани демеу болатын да, жанды жылытатын да – жақын жанның шынайы ықыласы.
Ал бүгінгі қоғам қайда барады? Бұл бәрімізге ортақ сұрақ. Жауабы да өзімізде. Адамның адамға деген мейірімі жоғалмай, арадағы үйлесім артса, аралас-құралас орта да өз табиғи қалпына түсетіні хақ.
Осындайда Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың:
«Досым, саған сенемін. Сеніп өтем!
Жолы бөтен демеймін, жөні бөтен.
Достық деген адамның көрігі екен,
Достық деген адалдың серігі екен» деп толғанғаны еріксіз ойға оралады. Ақын айтқан сол сенім мен тазалық бүгінде неге сирей түсті? Адамдар бір-біріне қуаныш емес, пайда өлшемімен жақындаса бастағанда, рухани байланыс төмендеп, жан жылуы да бәсеңдеп бара жатқандай…
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





