«Күлкі – көңіл ажары дейміз». Десе де, оның шегін шегендеп, жөн-жосығын жете таныған халық едік. «Әзілің жарасса – атаңмен ойна» деген мәтел де тегіннен айтылмаған. Яғни, әдемі қалжың парасаттың өлшемі, тәрбиенің таразысы. Өкінішке қарай, бүгінгі цифрлы дәуірде сол салмақты сықақтың орнын мәнсіз мысқыл, ойсыз ойын, парықсыз «пранк» басып барады.
Бүгінде әлеуметтік желілерді ашып қалсаңыз, күлкі қуған көптің кісі көңілін күйретіп, адам намысын ойыншыққа айналдырған әрекеттерін жиі кездестіресіз. Бірі бейқам кетіп бара жатқан жанды аяқтан шалып, бірі жалған апат жайлы хабар таратып, енді бірі ата-анасының жүрегіне үрей ұялатып барып, соңында «әзіл еді» деп арқасын кеңге салады. Алайда, мұндай «әзілдің» астарында қорлық, қызықтан бұрын қатыгездік жатқанын аңғару қиын емес.
Ақпарат құралдарында жарияланған деректерге сүйенсек, соңғы жылдары әлеуметтік желідегі қауіпті ойындар мен жалған пранктер салдарынан психологиялық күйзеліске түскен азаматтар саны артқан. Психолог мамандардың айтуынша, тосын қорқыныш адам ағзасында күйзеліс гормондарының күрт бөлінуіне әкеліп, жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан жандар үшін аса қауіпті жағдай туғызады. Әсіресе, егде жастағы адамдар үшін мұндай «әзіл» жүйкеге түскен ауыр соққы.
Кейбір халықаралық зерттеулерде интернеттегі хайп қуалау мәдениеті «эмпатияның әлсіреуіне» алып келетіні айтылған. Яғни, адам өз әрекетінің өзгенің жан дүниесіне қалай әсер ететінін сезінуден қалады. Қаралым мен лайк қуған сана адамгершілік межеден аттап, ар-ожданды екінші орынға ысырады.
Бүгінгі пранк мәдениетінің ең қауіпті тұсы оның қалыпты құбылысқа айнала бастауы. Миллиондаған қаралым жинаған бейнелер жастар санасында «мазақ ету – танымалдықтың жолы» деген жаңсақ түсінік қалыптастыруда. Бұл, әрине, рухани жұтаңдықтың, жеңіл күлкіге құмар қоғамның көрінісі.
Мұндайда «күлдірем деп бүлдірме» дегіміз келеді. Себебі қазақы ортада әзіл адамды әжуалау алдын, жақындастырудың амалы болған. Сал-серілердің қағытпасы да, шешендердің тапқыр сөзі де ешқашан адамның арына тиіп, жанын жараламаған. Ал бүгінгі кейбір бейнежазбаларда ар-намыс аяқасты болып, адам қадірі арзан дүниеге айналып барады.
Әрине, пранктің игі үлгілері де жоқ емес. Кейбір жастар мұқтаж жанға көмек көрсетіп, қайырымдылыққа үндейтін бейнелер түсіріп жүр. Көшеде отырған мұқтаж адамға сынай сұрақ қойып, оның кең пейілін байқап, артынан еселеп сый жасау адамдықты дәріптейтін әрекет. Мұндай бастамалар қоғамға жылылық сыйлайтыны анық.
Алайда, бір тамшы ізгіліктің тасасында тұтас теңіздей жауапсыздық тұрғаны жасырын емес. Қазіргі пранк түсірушілердің басым бөлігі үшін басты құндылық рейтинг пен танымалдық. Ал адамның абыройы мен психологиялық ахуалы назардан тыс қалып жатады.
Бұл құбылыс бүгінде тәрбиенің әлсіреуінен, бос уақыттың бейберекет өтуінен, рухани сүзгінің жұқаруынан туған әлеуметтік дерт. Сондықтан мәселені тұтас қоғамнан іздеген жөн. Отбасындағы тәлім, мектептегі тағылым, ақпарат кеңістігіндегі жауапкершілік бәрі бір арнаға тоғысқанда ғана жағдай түзелмек.
Қазақ: «ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» деген. Себебі сөз де, әзіл де қару. Ол не жүректі жылытады, не жанды жаралайды. Орынды әзіл өркениеттің белгісі болса, орынсыз қалжың мәдениетсіздіктің бастауы.
Күлкі қуамын деп кісіліктен айырылу ең үлкен қасірет екенін ұмытпауымыз қажет. Себебі бір сәттік күлкі ұмытылар, ал жараланған жүрек ұзақ жазылмайды. Сондықтан әрбір жас кісілік үшін өмір сүру керектігін ұғынғаны абзал. Өйткені, орынсыз әзіл орға жығады.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





