Талдықорған қаласында цифрлық технологияларға қызығушылық танытқан жастар үшін маңызды шара – IT Open Day ашық есік күні өтті.
Аталмыш шарада 9-11 сынып оқушыларына IT саласының қыр-сырымен жақын танысуға мүмкіндік берді. Шараның басты мақсаты – жасөспірімдерге заманауи цифрлық индустрияның мүмкіндіктерін көрсету, кәсіби бағдар беру және олардың қызығушылығын болашақ мамандыққа бағыттау.
Ашық есік күні аясында қатысушылар алдымен IT HUB кеңістігімен танысты. Заманауи жабдықталған аудиториялар, коворкинг аймақтары, робототехника мен бағдарламалау сыныптары оқушылардың ерекше қызығушылығын оятты. Экскурсия барысында хаб өкілдері орталықтың құрылу тарихы, жүзеге асып жатқан жобалар және талантты жастарды қолдау бағдарламалары туралы кеңінен ақпарат берді. Іс-шараның мазмұнды бөлігі «Мамандықтар әлемі» тақырыбындағы таныстырылымнан басталды. Мұнда оқушыларға бағдарламалау, веб және мобильді қосымша әзірлеу, графикалық және UI/UX дизайн, робототехника бағыттары жан-жақты түсіндірілді. Әр саланың ерекшелігі, еңбек нарығындағы сұранысы және болашақтағы даму мүмкіндіктері нақты мысалдар арқылы баяндалды. Кездесу барысында кәсіби бағдар беру сессиясы ұйымдастырылып, жоғары сынып оқушыларына қажетті дағдылар туралы кеңестер айтылды. Спикерлер IT саласында табысқа жету үшін тек техникалық білім жеткіліксіз екенін, сыни ойлау, командалық жұмыс, ағылшын тілін меңгеру және үздіксіз ізденіс маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Университет таңдау, грант мүмкіндіктері және портфолио жинақтау жолдары да сөз болды.
Шара соңында индустрия инсайдтары тақырыбындағы ашық әңгіме болды. Тәжірибелі IT мамандары өздерінің еңбек жолы, алғашқы қадамдары мен кездескен қиындықтары жайлы шынайы бөлісті. Оқушылар нақты жобалармен қалай жұмыс істейтінін, тапсырыс берушілермен байланыс орнату ерекшеліктерін және бір күндік жұмыс процесінің қалай өтетінін білді. Бұл әңгіме жастарға мамандықтың сыртқы жарнамалық бейнесінен бөлек, оның шынайы қырын көруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, қатысушыларға IT HUB базасында ұйымдастырылатын курстар мен воркшоптар таныстырылды. Бағдарламалау негіздері, робототехника, графикалық дизайн және стартап жобалау бағыттары бойынша қысқа және ұзақ мерзімді оқу бағдарламалары ұсынылды. Бұл курстар оқушыларға алғашқы қадам жасауға, өз қабілетін сынап көруге және болашақ кәсібін саналы таңдауға көмектеседі. Екі күнге жоспарланған бағдарлама мазмұны бірдей болғанымен, қатысушылар санының көптігі шараның өзектілігін айқындады. Жастар белсенді түрде сұрақ қойып, өз идеяларымен бөлісті. Көптеген оқушылар IT саласына қызығушылығы артқанын айтып, алдағы уақытта хаб ұйымдастыратын курстарға қатысуға ниет білдірді. Бүгінде цифрлық технологиялар – экономиканың қозғаушы күшіне айналған сала. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап дұрыс бағыт-бағдар беру – уақыт талабы. IT Open Day сынды бастамалар жас буынның болашағына салынған инвестиция деуге толық негіз бар. Мұндай кездесулер оқушыларға тек ақпарат беріп қана қоймай, өз мүмкіндігін бағамдауға, арманына сенімді қадам жасауға жол ашады.
IT Open Day – жастардың технологиялар әлеміне жасаған алғашқы сенімді қадамы болды. Цифрлық дәуірде өз орнын тапқысы келетін әрбір оқушы үшін мұндай ашық алаңдар үлкен мүмкіндік екені сөзсіз.
Айдана АМАНЖОЛҚЫЗЫ,
ЖУ студенті





